Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда шуға байланысты екі көшеде көлік жылдамдығына шектеу қойылады

Алматы әкімі Ерболат Досаев Достық даңғылы мен Керей, Жәнібек хандар көшелерінде "Сергек" бейнекамералары орнатылатынын айтты. Осылайша көшелерде жылдамдыққа шектеу қойылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Қала басшысының Медеу ауданының тұрғындарымен кездесуінде Ладушкин көшесіндегі 65 үйдің тұрғындары қала тыныштығын бұзатын автошабандоздарға қатысты шара қабылдауды сұрады.

"Көктемнен бастап түнгі уақытта Достық даңғылында жастар арасында нағыз жарыс басталады. Көлік қозғалтқыштарының гүрілдеуі, қатты музыка ұйықтауға кедергі келтіреді. Тыныштықты бұзушылармен күресуіңізді сұраймыз", – деді тұрғын.

Әкім аудан тұрғындарының шағымы ескерілетінін айтты.

“Түнде тыныштық бұзғандар жауапкершіліктен босатылмайды. Полиция департаментінің өкілдерімен бірлесіп, Достық даңғылы мен Керей, Жәнібек хандар көшелерінде "Сергек" видеокамераларын орнатуды тапсырдым. Ондағы жылдамдыққа шектеу қоямыз. Бейнебақылау камералары жағдайға әсер ететініне сенімдімін", – деп жауап берді Ерболат Досаев.

Әкімдіктің хабарлауынша, биыл 30 "Сергек" аппараттық-бағдарламалық кешенін және 750 бейнемониторинг жүйесінің камерасын орнату жоспарланып отыр.

Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімдігі белгісіз шудың шығу себебін түсіндірген еді.

Талқылау