Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аутизм дертіне шалдыққан америкалық бала Димаштың әндерін тыңдап, сөйлеп кеткен

Жуырда Лас-Вегасқа барып қайтқан Димаш Құдайберген әуежайда қызық оқиғаға тап болған. 9 жасар Габриель есімді жеткіншек Димашты көргенде оның мойнына асылып, құшақтай жөнелген. Анасының айтуынша, аутизм дертіне шалдыққан бала Димаштың әндерінен соң сөйлеп кеткен. Габриэльдің анасы Нэнси Сэнисэрос "1001 түн" бағдарламасына сұхбат берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Фото: kazunite.com

Габриэль Димаштың орындауындағы француздың "S.O.S" әнін тыңдаған. Көп ұзамай анасы баланың денсаулығындағы оң өзгерісті байқапты.

"Бұл рас болған жағдай. Алғашқыда аздап сөйлей бастады, кейін көп сөйлейтін болды. Бір қызығы, ағылшын тілінде ғана емес, әлемнің түрлі тілдерінде сөйлей бастады", – дейді Нэнси Сэнисэрос. 

Габриэль аутизммен ауыратын арнайы мектепке барады. Оның бойындағы өзгерісті білім ордасындағы ұстаздары да байқапты. 



"Мұғалімдер: "Қазір не істеп жатсаңыздар, соны жалғастыра беріңіздер. Соның пайдасы тиюде" деп айтты", –  дейді Габриельдің анасы.

Нэнси Димаштың АҚШ-қа келетінін достарынан естіген. Ол Димаш ұшып келетін күні ұлымен бірге әншіні әуежайда күткен. 

"Димаш келген кезде Габриэль бірінші болып көріп, жүгіріп барды", –  дейді Нэнси.

Әдетте бөтен адамдарды жанына жолатпайтын жеткіншек Димашты жанына жақын тартқан. Ал Димаш Габриэльге өзінің костюмін сыйлаған. 

Айта кетейік, бүгін, 23 қыркүйек күні Димаштың Алматыдағы алғашқы ән кеші өтеді.

Талқылау