Қатерлі ісікке шалдыққан қазақстандықтар үшін аса маңызды дәрі әлі күнге дейін жеткізілмеген
Фото: freepik.com
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев дәрі-дәрмек жеткізушілер арасында жосызсыз жеткізушілер тізілімі жасалатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Брифингте БАҚ өкілдері денсаулық сақтау министрілігіне онкологиялық аурумен ауыратындар үшін аса маңызды дәрі жеткізілмегенін айтып, жеткізуші қандай жауапқа тартылатынын сұрады.
"Кабозантиниб" дәрісін жеткізуге тендер өткен. Алайда бұл дәрі әлі кұнге дейін жеткізілмеген. Дәрінің кешеуілдеуінен онкологиялық дертке шалдыққандардың ауруы асқынып кетуі мүмкін. Тендерге бірнеше компания қатысқан. Нәтижесінде тендерді "Rogers Pharma" ЖШС ұтып алған. Олар дәріні жеткізу туралы міндеттеме алғанымен әлі күнге дейін жеткізбеген. Жеткізуші жауапқа тартыла ма?", – деп сұрады журналистер.
Вице-министр бұл жайттан хабардар екенін айтып, жосықсыз жеткізуші жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.
"Иә, бізге бұл дәріні әлі күнге дейін алмаған науқастардан шағым түсті. Сондай жағдай шынымен болған. Шарт жасалған жеткізуші міндеттемелерін орындамаған. Денсаулық сақтау басқармасы біржақты тәртіппен шартты бұзды, қайтадан конкурс жарияланады. "Жеткізуші жауапқа тартыла ма?" деген сұраққа келсек, иә, жеткізушіге қатысты нақты бір шығын болады.
Биыл да, өткен жылы да жоғары аудиторлық палата дәрімен қамтамасыз ету мәселесі бойынша денсаулық сақтау министрлігін, "СҚ-Фармация" жұмысын тексерді. Тексеру нәтижесінде дәрі-дәрмек жеткізушілер арасында шартты міндеттемелер аясындағы міндеттемесін жиі бұзатын жосықсыз жеткізушілер тізімін жасау ұсынылды. Қазір осы тізім бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Жақын арада "қара тізім" жасауға бағытталған салалық бұйрықтарға енгізілетін түзетулерден хабардар етеміз", – деді Нұрлыбаев.

"1 миллион 100 мың теңгеге дейін": Құрбандық шалуға арналған мал бағасы қанша?
