Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы ауруханада 5 ай болған бүлдіршін әкесіне қайтарылды

5 ай бойы ауруханада жалғыз жатқан 2 жасар Тәңірберген отбасына қайтарылды. Мейірбек Тілепбаев сот арқылы өзінің әкелік құқығын дәлелдеп, сәбиді алып кетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы Тәңірбергеннің хикаясын күллі Қазақстанға жария еткен Айдана Аллажарқызы айтып берді. 

"Бүгін Тәңірберген үйіне қайтарылды. Енді оның жанында ата-әжесі мен аға-әпкелері болады. Ол үшін қуаныштымын. 

Өмірде бәрі қателеседі. Әркез не жасалса да, жақсылыққа. Бала тоқ, аман-сау және киімі бүтін. Туыстары да жақсы адамдар және оны жақсы көреді", - деп бөлісті Айдана Аллажарқызы.


"Қазақстан халқына" қоры қаңтар оқиғасы кезінде үйіне 20 күннен кейін оралған әскери қызметкердің ұлына көмектесуден бас тартты


Естеріңізде болса, Тәңірберген жайлы ақпарат ақпан айының басында пайда болды. Оны ауруханаға қызымен түскен Айдана Аллажарқызы видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде бөліскен. 

Көп ұзамай баланың әкесі табылды. Ол ұлын өзі тәрбиелегісі келетінін айтып, сұхбат берді. 5 ай бойы қайда болғанын түсіндірді. Ешқандай құжаты болмағандықтан кішкентай Тәңірберген балалар үйіне табысталды.

Бұл оқиға қоғамда үлкен дау тудырып, көпшілік баланың жағдайына алаңдаған еді. Тәңірбергенге көмек қолын ұсынған халық оған 800 мың теңгеден аса жинап берді. Алайда әкесі бұл қаражаттан бас тартыпты. 

"Сондықтан ақшаны Тәңірбергеннің атына депозит ашып, салып қоямыз деп шештік", – деп түйіндеді сөзін Айдана Аллажарқызы. 
Ол жиылған ақша бойынша есеп беруге уәде берді. 

Талқылау