Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ауруға шалдыққандардың саны 1,5 млн болуы мүмкін: Рахымбаев аурудың өршуіне қазақтардың ұяты себеп болды деп айтып, өзі сынға қалды

Белгілі кәсіпкер Айдын Рахымбаев қазақстандықтардың салғырттығы елдегі эпидемиялогиялық ахуалдың шиеленісуіне алып келгенін айтады. Сөзінше, аурудың өршуіне қазақтардың ұят болады деп, жиындардан қалмауы себеп болған.

той

Кәсіпкердің айтуынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны әлдеқайда көп болуы ғажап емес. Рахымбаев науқастардың саны статиистикадағы 60 мыңнан астам адам емес, 1,5 миллион болуы мүмкін екенін айтады. Ал бұған себеп қазақтың бет моншағы үзіліп, той тойлап, тойдан қалғысы келмей тұратыны көрінеді. 

"Ұзақ карантин кезінде коронавирустың таралуының шарықтау шегін болдыртпай ұстап қалған едік. Алайда 29 мамырда шектеу шаралары қайта жеңілдегеннен кейін ауру жұқтырғандардың саны күрт өсіп кетті. Осы кезден бастап ойын-сауық орталықтары, дәмханалар мен мейрамханалар қайта ашылды. Басқа елдерде біздікі сияқты дәстүрлер жоқ. Қазақтарда баланың туғанынан бастап университетке түскенге дейін той бітпейді: қырқынан шығару, тұсаукесер, сүндет той, тілашар, мектеп бітіруі тағысы тағы бар. Жастар үйленсе, тағы бір тойдан екінші той шығып, қазақтар бірін-біріне қонаққа баруын қоймайды. Бұдан бөлек туған күндерді айтпай-ақ қоялық. Міне, үйлерінде ұзақ отырған адамдар, іштері пысып, одан қалса ұят болады деп, шақырған жерге қалмай барады. Ал айтулы күнді дүйім жұртқа жар салып тойламау - біз үшін ұят дүние. Олар бұның арты індетке жаппай шалдығуға алып келетінін уайымдамайды", -  дейді кәсіпкер. 

Сөзінше, тұрғындар барынша шектеу шараларын қашып, тіпті, үлкен той-томалақтарға келетін қонақтарды үш ауысымға бөліп, 30 адамнан шақырған кездер де болыпты. Рахымбаев қазақтардың шақырған жерден қалмай, қажет болса, тіпті басқа қаладан келетіні мемлекеттегі жағдайды ауырлатқан екінші ұят екенін айтады. 

"Үшінші ұят - аурудың симптомдары байқалса да, үндемей жүре беруі. Ауруды осындай тойлардан, жиындардан жұқтырғанын ешкім айтқысы келмейді. Сөтйіп жүріп басқаларына ауру таратады.

Төртінші ұят - биліктергілердің той мен жиындарға тиісті түрде шектеу қоя алмауы. Өйткені туыстарына той өткізбеңдер деп айту - біз үшін ұят жағдай. Қазірдің өзінде Ақтау мен Бурабайдағы жағажайлардағы халықтың жиналуын алып қарайық. Олардың сол жақта жүруіне, суға шомылуына шектеу қою - ұят", - деп қосты ол.

Осы тұста Рахымбаев Германия мемлекетін мысалға келтірді. Айтуынша, неміс халқы карантин кезінде мерекелерге, жиындарға бармақ түгілі, өздерінің жақындары егер іс-шара ұйымдастырып жатса, полицейлерді шақыртып, ұстап береді екен. Себебі оларда біздікілердегідей ұят деген түсінік жоқ. Кәсіпкер тойшыл қазақ халқының итальяндарға ұқсас келетінін жеткізді. Сол себепті де біздің елдегі жағдай Италиядағы ахуалды қайталап отыр дейді ол. 

"Ал бесінші ұят - қазақтардың жерлеуге, марқұмға Құран бағыштап ас беруден қалмауы. Мәселен, ауылдағы тұрғындар біреу қайтыс болса, оның үйіне 300 адам болып жиналып жатады. Ал марқұмның неден көз жұмғанын біреу білсе, екіншісі біле бермейді. Нәтижесінде қаза болған науқастың туыстары, құдайы тамаққа келгендердің тең жартысы індетті жұқтырады", - дейді Рахымбаев. 

Келесі ұят - мемлекеттік органдардың қателігі дейді ол. 

"Мемлекеттік органдар алғашында ауруға шалдыққандарды симптомсыз және симптомды, сосын пневмония және коронавирус жұқтырғандар деп бөлді. Мұның барлығы халықты алдап, өтірік күйде сабырлықты сақтап қалу еді. Бірақ одан не пайда? Егер мемлекеттің өзі рас ақпаратты жасырып отырса, науқастарды қалай емдейміз? Міне, үкіметке сенген ауруханалар мен дәріханалар індетті жұқтырғандардың саны төтеп бере алмай қалды. Себебі олар мұндай жағдай болады деп ойламаған еді", - дейді кәсіпкер. 

Айтуынша, ең сорақысы, қазіргі таңда тойға бармай үйде отырғандар мен дәрігерлер басқалардың қателіктері үшін COVID-19 жұқтырып, аурумен күресіп жатыр. 



"Біз өзіміз мақтан тұтатын қонақжайлағымыздың кесірінен осындай ауыр халге тап болдық. Менің айтып отырған 1,5 миллион науқас бұл жай ғана болжам ғана. Шын мәнінде бұл сандар одан да жоғары болуы мүмкін. Бұған дәлел - бүгінгі күні ешкімнің індетпен ауырмаған танысы да қалмауы", - деп атап өтті Рахымбаев. 

Десек те ол бүгінде еліміздегі жағдай қайта оңалып келе жатқанын айтады. Бір-екі аптадан кейін ауруханалар қайта штаттық режимде жұмыс істеуге көшуі керек дейді кәсіпкер. 

"Мен өзімнің де жиындарға қатысқанымды мойындаймын. Бұл менің үлкен қателігім болды. Қазір барлығы да мәселені түсінді деген ниеттемін. Бірақ қанша адамнан айырылып, зар жылап қалдық. Біз үшін үлкен сабақ бола білді. Сондықтан айтарым, өзімізді сақтап, ешқайда шықпай үйде отырайық. Енді аз шыдасақ бұрынғы тойшыл өмірімізге қайта ораламыз", - дейді Рахымбаев. 

Рахымбаевтың бұл жазбасы сынға ілікті. Қоғам қайраткері Мұрат Әбенов Рахымбаевтың өзі жиын ұйымдастырып жүріп, қазақтарға ақыл айтып жүргенін жазыпты. 

"Карантин кезінде фуршет ұйымдастырып жүрген мекеменің басшысы шектеу шараларын елемеген тұрғындар енді жаппай көз жұмып жатыр деп ұятқа шақыруда", - дейді Әбенов. 

Айта кетейік, Қазақстандағы карантин 5 тамызға дейін созылған еді. 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 20 Шілде, 2020 09:19
Талқылау