Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде ауыл тұрғындарына 5-7 жылға шағын несиелер беріледі – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев парламент сессиясында сөйлеген сөзінде елді мекендерде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған "Ауыл аманаты" жобасы қолға алынатынын айтты. Енді елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, тұрғындарға субсидия мен шағын несиелер беріледі деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

ауыл шаруашылығы

Президент биыл 1,5 мыңнан астам жобаға бюджеттен 143 миллиард теңге бөлінгенін алға тартты. Сондай жобалардың ішінде ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту қажеттілігін баса айтты.

“Бұл – маңызды міндеттің бірі. Оны ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы жүзеге асыру керек. Сол үшін "Ауыл аманаты" жобасы қолға алынады. Ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Халыққа қызмет көрсету және өнім өткізу үшін ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылады. Оларға құрал-жабдық және техника сатып алу үшін субсидия беріледі. Осы мақсатқа 1 триллионға жуық теңге бөлінеді”,- деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, "Ауыл – ел бесігі", "Ауыл аманаты" жобалары елді мекендерді дамытуға арналған жаңа тұжырымдамаға арқау болуы тиіс.

“Топырақтың құнарын сақтап, оны жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану үшін бақылауды күшейту маңызды. Өнім көлемін арттыруға және оны әртараптандыруға баса мән берген жөн. Ауыл шаруашылығы саласындағы реформаларға сапалы заңдар қажет. Бұл жұмысқа Мәжілістен орын алған "Ауыл" партиясы өз үлесін қосады деп сенемін",- деп қорытты ол. 

Талқылау