Ауғанстан билігі Пәкістанмен шекарадағы қақтығыста 58 пәкістандық сарбазды өлтіргенін мәлімдеді
Фото: AP Photo
Ауғанстан билігі Пәкістанмен шекарада болған әскери қақтығыс барысында 58 пәкістандық сарбаз қаза тауып, тағы 30-ы жараланғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі AP News басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Талибан үкіметінің баспасөз хатшысы Забиулла Муджахид Кабулда өткен баспасөз мәслихатында тәліптердің 25 пәкістандық әскери бекетті басып алғанын хабарлады.
“Ауғанстанның барлық ресми және бейресми шекараларындағы жағдай толық бақылауда, заңсыз әрекеттердің басым бөлігінің жолы кесілді”, – деді Талибан үкіметінің баспасөз хатшысы.
Ауғанстан қорғаныс министрлігі Пәкістанға қарсы "қарымта операцияның" сәтті аяқталғанын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін БАҚ-та Пәкістанның ұшқышсыз ұшағы Кабулда Пәкістан тәліптерінің басшысы Нұр Уәли Мехсуд және оның мұрагерлері мінген көлікке соққы жасағаны туралы ақпарат тараған еді. Сонымен қатар, жұмаға қараған түні Пәкістан әуе қорғаныс күштері Ауғанстанның шығысындағы Пактика провинциясына әуе соққысын жасаған.
Еске салсақ, Ауғанстан мен Пәкістан шекарасындағы Дюранд сызығы бойында (Кабул мойындамайтын екі ел арасындағы шекара) ауқымды әскери қақтығыс басталғаны туралы жазған едік.

"Неге сонша нақұрыс болдыңдар": Желіде қазақтарды "құлдар" деп қорлаған әйелге шағым түсті
