Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ауғанстанда белгісіз біреу адам жалдап, мектептегі 80 оқушы қызды улаған

Ауғанстанда мектептердің бірінде 80-ге жуық оқушы қыз уланып, ауруханаға түсті. Деректерге сай оларды улауға белгісіз біреу тапсырыс берген. Алайда не үшін және қандай умен жасалғаны әлі белгісіз. Бұл – билікке Талибан қозғалысы келіп, қыздарға оқуға тыйым салғалы бері орын алған бірінші жағдай. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Sky News порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл – билікке Талибан қозғалысы (Қазақстанда тыйым салынған) келгелі бері бірінші рет болып отырған жағдай. Мұндай оқиғалар бұрын Иранда болған.

Ауғанстанның Сари-Пуль провинциясының білім бөлімінің басшысы Мохаммад Рахманидің айтуынша, улану оқиғасы демалыс күні Санчарак аймағында болған. Жергілікті мектептердің бірінен 60 қыз ауруханаға жатқызылған. Кейін тағы бір мектептен 17-сі жеткізілген. Екі мектеп те жақын жерде орналасқан және бір шабуылдың нысанасына айналған. Салдарынан бірінші сыныптан алтыншы сыныпқа дейін барлық жастағы оқушылар зардап шекті.

"Біз барлық оқушыларды ауруханаға жеткіздік, қазір бәрі жақсы",  –  деді Мохаммад Рахмани.

Білім басқармасы тергеуді бастап, белгілі бір шабуылдаушының оқушы қыздарды улау үшін әлдекімге ақша төлегенін айтты. Мохаммад Рахмани оқиғаның артында тұрған тапсырыс берушінің жеке уәжі бар екенін қоса кетті. Бірақ қандай уәжі болғаны нақтыланбады. Оқиғаның егжей-тегжейі мен қыздардың қалай уланғаны, уланудың нақты түрі туралы да ақпарат жоқ.

"Талибан" экстремистік қозғалысы билікке келгеннен кейін ауған әйелдері іс жүзінде білім алу мүмкіндігінен айырылды. Қазір елдегі қыздарға тек алты жылдық бастауыш мектепте оқуға рұқсат етілген. Ал кәсіптердің көпшілігі әйелдерге қол жетімді емес және қоғамдық орындарға кіру мүмкіндігі шектеулі. Наурызда Кабулда қыздардың білім алу құқығы үшін үгіт-насихат жүргізген жергілікті азаматтық белсендіні ұрып-соғып, қамауға алған болатын.

Осы уақытқа дейін Ауғанстанда оқушы қыздардың жаппай улану дерегі тіркелмеген. Бірақ 2022 жылдың қарашасынан бері осыған ұқсас оқиғалар көршілес Иранда орын алуда. Иранда 5 мыңнан астам оқушы, негізінен қыздар осындай шабуылдардан зардап шегуде.

Талқылау