Атыраулық көпбалалы ана 31 жылдан бері құжатсыз жүр
Атырау тұрғыны Жаңылсын Бақтыгереева алғаш рет 31 жасында жеке куәлігі пен төлқұжатын алғалы отыр. Жастай жетім қалған келіншектің осы уақытқа дейін құжатты ойлауға шамасы болмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жаңылсынды бала күнінде анасы тастап кеткен, ол әкесі мен әжесінің қолында тәрбиеленді. Ол кісілер өмірден озғанда Жаңылсын небәрі 16 жаста еді. Сол шақта ол құжат жайлы ойланбастан Атырауға көшіп кеткен. Қазір отбасы, 6 баласы бар. Соңғы бірнеше жылдан бері ол құжат алуға тырысқанымен, қолынан келмеген», – дейді «Нұр Отан» партиясы Атырау филиалы, қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Шаңтемірова.
Жаңылсын туу туралы куәлігі болмағандықтан, құжаттарын жасата алмапты.
«Ақтөбеге бір емес, бірнеше рет бардым. Өзім Ойыл ауданында дүниеге келгем. Қажетті мекемелерге сұраныс жібердім. Бірақ менің дүниеге келгенім еш жерде тіркелмеген ұқсайды. Енді қайда барарымды да білмей жүр едім», – дейді Жаңылсын Бақтыгереева.
«Нұр Отан» партиясына жүгінген шақта да әйел құжат алудан аса үміттенбеген. Дегенмен партиядағылар оған көмек қолын созып отыр.
«Біз Ақтөбе облысының әділет департаментіне өтініш жолдадық. Алайда ондағылардан «Ойыл ауданында мұндай адам тіркелмеген» деген жауап келді. Одан кейін департаментке хабарласып, бір ғана ауданның емес, бүкіл облыстық мұрағаттық құжаттарын тінтіп шығуды өтіндік. Ақырында 1986 жылы туған Жаңылсын Бақтыгерееваның туған жерін таптық», – деп түсіндірді Шаңтемірова.
31 жыл бойы құжатсыз өмір сүрген әйел қажетті қағаздарды жинап, ХҚО-ға өткізіп қойды. Жақын күндері ол алғашқы жеке куәлігін алады. Онымен бірге Қазақстан азаматтығын алатын әйел балаларына жәрдемақы алу мүмкіндігіне ие болмақ.
Жіберіп алмаңыз:
Талдықорғанда 10 жезөкше ұсталды
Әріптесі: Ұшақта қаза тапқан Патсаевқа қазақстандық дәрігерлер қарыздар
Алматы тұрғыны көлігін соғып кетіп телефон нөмірін қалдырған бейтаныс әйелге ризашылығын айтты
Павлодар полициясы 3 ай бұрын жоғалып кеткен сарбазды іздеп жатыр