Атырау облысында құдалар төсек-орын үшін соттасты
Атырау облысының Махамбет аудандық сотында құдалар арасындағы мүлікті қайтаруды міндеттеу туралы азаматтық іс қаралды, деп хабарлайды аймақтық соттың баспасөз қызметінен.
Істің мәні бойынша, талап қоюшы Т. мен жауапкерлер Г. және К.-ның балалары отау құрып, құдаласады. Бірақ жас жұбайлар заңды некеге тіркелмеген. Көп ұзамай жас келін мен ененің арасында дау туып, баласы мен келіні ажырасып кетеді. Уақыт өткен соң келіннің анасы бұрынғы құдағайынан қыз жасауы ретінде берген бұйымдарын кері қайтаруды сұрайды. Алайда, жігіттің анасы барлық заттарды беріп, екі дана хром мен шыныдан жасалған ыдысты қайтармай қалады.
Сол себепті талап қоюшы мүлікті қайтаруды міндеттеу туралы талап арызбен сотқа жүгінеді. Сотта осыншама дау тудырған ыдыстардың құны 24 000 теңге тұратыны анықталды.
Сот отырысы барысында тараптар мүліктерін кері қайтарып, ортақ мәмілеге келді.
Іс бойынша сот медиациялық келісімді бекітіп, істі өндірістен тоқтатты. Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.