Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атыраулық кәсіпкерлер әкімдік пен полицейлер қыспаққа алып жатыр деп шу шығарды

Атырауда демалыс орындарына аттракциондар, велосипедтер мен гироскутерлер жалға беріп, табыс тауып жүрген кәсіпкерлерді әкімдік пен полицейлер қыспаққа алған. Сөздерінше шенеуніктер мен шенділер тарапынан қоқан-лоққы жыл сайын жаз маусымында басталады екен. Арнайы орын да бермей әуреге салған әкімдіктегілерге кәсіпкерлер наразы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

жеке кәсіпкер

Қала орталығында балаларға әткеншектер, батут, велосипедтер жалға беріп күн көріп жүрген кәсіпкерлердің айтуларынша, жергілікті әкімдік пен полиция қудалап, кәсіптерін жасауға мүмкіндік бермейді. Жаз айында ғана азын-аулақ табыс тауып қаламыз деген олар алаңдардан алақандай жер бұйырмады деп наразы.

"Бұл кәсіппен айналысып жатқанымызға 10 жылдай болды. Велосипед, гироскутер жалға берумен айналысамыз. Жыл сайын осы мәселе шешілмейді. Болмайды, болмайды дейді. Заңдастырып жер берсе дейміз. Жалдама ақысын төлеуге де келісеміз. Санитарлық нормаларды да сақтаймыз. Бұл тек Атырауда емес, барлық қалада бар. Астанада Бәйтеректің алдында да тұрады", - дейді жеке кәсіпкер: Аман Жұмашов. 

"Бәріміздің қолымыз байлаулы, ашпыз, жалаңашпыз. Несиелеріміз бой бермей жатыр. Жұмысызмызға сеніп, қарыз алдық. Осы тұрғандардың бәрінің несиесі бар. 2 миллионға карусель, велосипедтердің өзі үш жүз мың", - дейді жеке кәсіпкер Нұржамал Өтеулиева.

Бір жылдары бұл кәсіпкерлерді әкімдік қаланың сыртына көшірген. Бірақ тірі жан бармай, табыссыз қалғандарын айтады. Тіпті, өткен жылы тағы бір алаңды бөліп, оны бізге тазалаттырып алып ол жерді сатып жіберді дейді.

"Бізге "Қиял-ғажайып әлемі" саябағын береміз деген соң қолымызға күрек ұстап сол жердің боғын тазаладық. Екі күннен кейін тазалап болған соң бізді қуып шықты. Шымкенттіктерге сатып жіберді. Сол біз не көрген жоқпыз, бәрін көріп келеміз", - дейді жеке кәсіпкер Күләнда Сисенбаева. 

Ал әкімдік бұл кәсіпкерлерге арнайы орын үшін байқау өткіземіз дейді. Алайда ол қанша уақыт алатынын да ашып айта алмады. 

"Заңға сәйкес аймақтар бекітіліп, конкурсқа шығарылатын болады", - деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ерболат Омаров.

Әкімдіктегілердің сөзінше, көшеде тұратын кәсіпкерлердің үстінен тұрғындардан шағым көп. Сондықтан кез келген жерден кәсіп жасауларына рұқсат бере алмаймыз дейді. 

Дидар Халық
Бейсенбі, 20 Мамыр, 2021 07:13
Талқылау