Атырауда "Теңізшевройл" ЖШС жұмысшылары Маңғыстау халқын қолдауға шықты
Маңғыстау елді мекендерінде сұйытылған газ бағасының күрт қымбаттауына наразылық танытқан халықты қолдау көрсету үшін Теңіз кенішінде бірнеше қосалқы мердігер компанияның жұмысшылары бас көтерді. Бұл ақпаратты "Теңізшевройл" ЖШС баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агентттігі.
"Теңізшевройл" ЖШС жұмыс орнын тастап кеткен жұмысшылардың нақты санын айтпады.
"Теңізшевройл" ЖШС (ТШО) Маңғыстау облысындағы бейбіт митингілерге қолдау білдіру үшін бірқатар қосалқы мердігерлердің жұмысшылары Теңіз кенішіне жиналғанынынан хабардар. ТШО-ның еңбек қатынастары жөніндегі топтары мен мердігерлер бұл жағдайды тезірек шешу үшін бірлесіп жұмыс жасауда. ТШО жұмысы қалыпты жағдайда жалғасуда", – деді баспасөз қызметі.
- Ақтауда мұнайшылар митингіге шыққандарға қосылды
- Маңғыстауда митингіге шыққандар әнші Қайрат Нұртастың көлігін өткізбей қойған
- Ақтаудағы митингіге шыққандар үш негізгі талап қойды
ТШО жобаның мердігерлермен тығыз қарым-қатынаста болуына көмектесетін өндірістік байланыс бағдарламасы бар екенін түсіндірді.
"Өндірістік байланыс өкілдері мердігерлермен кездесулерге тұрақты түрде қатысып, мәселелерді тезірек шешу жолдарын анықтайды", – деді компания.
Сондай-ақ ТШО азаматтардан тек ресми ақпарат көздерінен алынған мәліметтерге сенуді сұрайды.
Жаңаөзен мен Ақтаудағы жағдай
2 қаңтар күні Жаңаөзен қаласында жүздеген көлік иелері көшеге шыққан болатын. Олар жиындарда 1 қаңтардан бастап литрі екі есе қымбаттаған сұйытылған газдың бағасын төмендетуді талап етті.
Энергетика министрлігі бағаның көтерілуін сұйытылған газды өндірушілердің оны электронды сауда арқылы сатуға көшуімен түсіндірді.
Бірақ халық түсіндірмеге қанағаттанбады, себебі Қазақстанның батыс өңірлеріндегі көлік толығымен дерлік газдандырылған. Көтеріліс салдарынан наразылық акциясы облыстың бірнеше ауылын қамтып, шерулер түннің бір уағына дейін жалғасты.

"Алдағы 10 жылда мұнай қоры таусылады": Сарапшылар "қара алтынсыз" Қазақстанның болашағы қандай боларын болжады
