Атырауда салмағы 5,7 келі болатын алып бала дүниеге келді
Атырауда салмағы 5,7 келі болатын алып бала дүниеге келді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Баланың бойы – 64 см. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, алып нәресте облыстық перинаталдық орталығында өмірге келген.
"Қазір алып баланың да, оны өмірге әкелген анасының да жағдайы жақсы. Алып нәресте – отбасындағы төртінші бала. Сәбидің салмағы ірі болған соң, дәрігерлер анасына кесарь тілігі арқылы ота жасады. Ол – биыл өңірде дүние есігін ашқан алғашқы алып бала. Оның салмағы – 5700 грамм, ал, бойы – 64 см", – деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Дәрігерлердің айтуынша, медицинада нәрестенің салмағы 4 келіден асса, ірі, ал, 5 келіден жоғары болса, алып саналады. Баспасөз қызметінің дерегіне қарағанда, кеше, 20 қарашада 34 сәби дүние есігін ашқан. Оның ішінде бір егіз бар.
"Сайлау күні өмірге келген нәрестелердің 19-ы ұл, 15-і қыз. Аналар мен сәбилердің денсаулығы қалыпты, бәрі де дәрігерлердің жіті бақылауында алынды”, – деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметі.

Түнгі ауысымдағы жұмыс: Қызметкерлерге еңбекақы қалай төленуі керек және қандай құқықтары бар
