Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда мұғалім оқушыларды "грантқа түсіремін" деп алдап, ата-аналарды сан соқтырды

Атырауда мұғалім оқушыларды _грантқа түсіремін_ деп алдап, ата-аналарды сан соқтырды

Фото: Ru.freepik.com

Атырауда №37 орта мектеп оқушыларының ата-аналары алаяқтық жасаған мұғалімнің жұмыстан кетуін талап етіп отыр. Олардың айтуынша, педагог ата-аналарды балаларын “грантқа түсіруге көмектесемін” деп алдап, ақша мен алтын бұйымдар алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бір топ ата-ана алаяқ деп айыптаған мұғалімнің үстінен шағым түсірді. Олар шағымда мұғалімнің қызмет бабын өз пайдасына пайдаланды деп көрсетті.

“Балаларымызды кімге сеніп тапсырып отырмыз? Мектеп ішінде осындай жағдайлар орын алып жатқанда, тәрбие мен білім беру туралы қалай айтуға болады”, – деп ашынады ата-аналар.

Жәбірленушілер мұғалімді жұмыстан шығарып, бұл жағдайды қалалық прокуратура, полиция және білім басқармасы қатаң бақылауға алғанын және істі сотқа дейін жеткізуді талап етіп отыр.

Ата-аналар қауымдастығы балаларының тағдырына немқұрайлы қарауға жол бермейтінін, ал айып дәлелденсе кінәлі адамның қатаң жазалануы керек екенін баса айтты.

Болған жағдайға қатысты білім басқармасы ешқандай түсініктеме берген жоқ. Ал полиция департаменті педагогқа қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді.

“Аталған факті бойынша “Алаяқтық” бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазір кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жариялауға жатпайды”, – делінген хабарламада.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 07 Қыркүйек, 2025 13:19
Талқылау