Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда кісі өлтірді делінген күйеу балаға тағы айып тағылып, әйелі сараптамаға жіберілді

Фото: Атырау облысы ПД

Атырау облысы прокуратурасы Жангелдин ауылында қаза тапқан Қарабалиндер отбасына қатысты қылмыстық іс бойынша жаңа мән-жайларды жария етті. Күдікті күйеу бала Сұлтан Сәрсемалиевке тағылған айыптар кеңейтіліп, іске тағы бір бап қосылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тергеуді Атырау облыстық полиция департаменті жүргізіп жатыр. Бастапқыда іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша (Екі немесе одан да көп адамды өлтіру) сараланған болатын. Кейін жаңа эпизодтар анықталған.

Прокуратура мәліметінше, жәбірленушілердің малын сату және мүлкін иемдену фактілері бойынша Қылмыстық кодекстің 188 және 190-баптары ("Ұрлық" және "Алаяқтық") бойынша бөлек қылмыстық істер тіркелген. Осылайша, істе алаяқтыққа қатысты үшінші эпизод пайда болды. Оның егжей-тегжейі әзірге жарияланбады.

Прокуратура бұл іс бойынша тағы бір күдікті қаза болғандардың қызы, Сұлтан Сәрсемалиевтің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты да ақпарат берді.

“10 наурызда тергеу соты оны сот-психологиялық-психиатриялық сараптамадан өткізу үшін мамандандырылған медициналық мекемеге жіберілді”, – делінген хабарламада.

Қадағалау органының хабарлауынша, қазіргі кезеңде оның әрекеттеріне құқықтық баға берілмеген, оған қатысты бұлтартпау шарасы таңдалмаған. Егер психикалық ауытқу белгілері анықталса, Алматы қаласындағы Сот сараптамалары институтында стационарлық кешенді сараптама тағайындау мәселесі қаралады.

Прокуратура істегі барлық мән-жайлар анықталып, сараптама қорытындылары алынғаннан кейін күдіктілердің әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға берілетінін мәлімдеді. Тергеудің аяқталу мерзімі де жүргізіліп жатқан сараптамалар мен тергеу әрекеттерінің көлеміне байланысты болмақ.



Еске салайық, 6 қаңтарда тергеу барысында шаруашылық құрылыс астынан Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиеваның мәйіттері табылды. Осыдан кейін іс кісі өлтіру бабы бойынша қайта сараланып, жоғалған балаларды іздеу жалғасты. Күдікті ретінде 29 жастағы бұрынғы күйеу бала Сұлтан Сәрсемәлиевке халықаралық іздеу жарияланды. Ол Индонезияда ұсталып, Қазақстанға жеткізілді. Тергеу кезінде ол кінәсін мойындап, берген жауабы негізінде ауладан тағы екі адамның Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттері табылды.

Айым Атамбаева
Сенбі, 21 Наурыз, 2026 13:57