Атырауда қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 27 азамат сотта өз кінәсін мойындаған
10 қаңтарда Атырау облысында Қаңтар оқиғаларына байланысты сот отырысы өтті. Сот барысында 27 айыпталушы жаңа айыптау актісімен танысып, өз кінәсін толық мойындаған сондай-ақ ұсынылған дәлелдемелерді дауламайтынын айтып, соттан процессуалдық келісім жасауды сұраған. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі "Ақ Жайық" порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Айыпталушылардың кейбірі, мәселен, Азамат Ибраемов сотта жәбірленушілерден кешірім сұрап, олармен достасқанын айтса, сұхбат берген жәбірленушілер Ибраемовқа ешқандай талаптары жоқ екенін жеткізген. Сот отырысын судья Зарема Хамидуллина жүргізіп жатыр, ол аталған қылмыстар бойынша тараптардың татуласуы арқылы істі тоқтатуға болмайтынын, бірақ сот шешім қабылдау кезінде осы жағдайды ескеретінін түсіндірген.
Жаңа айыптау қорытындысына сәйкес Ибрайомовтың әрекеті ҚР ҚК-нің 380-бабының 1-бөлігі "Құқық қорғау органы қызметкерінің өзінің қызметтік міндеттерін орындауына байланысты өміріне қол сұғу" және 272-бабының 2-бөлігі "Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу" бойынша сараланған. Прокурор соттан Ибраемовқа тек 380-бапты қолдануды тоқтатуды сұрады.
Тағы бір айыпталушы Бисен Тілеуғалиев сотта айыптаушы тараптың пікірімен келісетінін, ол көліктің шамын сындырмағанын, тек ауыр салдарсыз соққы жасағанын айтқан. Судья айыпталушылардың айыптау тарапымен келіспеуге құқығы бар екенін атап өтті.
- "Әкесімен соңғы рет тілдесіпті": Қаңтар жетім еткен сәбилердің өмірі
- "Жағдайым жақсы болса, шықпас едім": Ақтөбеде Қаңтар оқиғасы кезінде әкімдікте тәртіпсіздік жасады деп айыпталушылардың бірі сотта оқиғасын баяндады
- "Жүксалғышқа бірінің үстіне бірін үйген": Алматылық ерікті Қаңтар оқиғасы кезіндегі естеліктерін айтып берді
4 қаңтарда cотта жаңа айыптау актісі оқылып, айыпталушыларға тағылған айыпты жеңілдеткен. Бұл зардап шеккен полиция қызметкерлерінің қаңтар оқиғасы кезінде жеңіл жарақат алғанын, өмірлеріне қауіп төніп тұрмағанын айтқаннан кейін мүмкін болған. Барлық жәбірленушілер сотталушыларға жеке талаптары жоқ екенін баса айтқан.
Сонымен бірге кейбір жәбірленушілер сотталушылардың арасында 5 қаңтар күні тәртіпсіздік кезінде, керісінше, тәртіп сақшыларына көмек қолын созғандар болғанын айтқан.
Сот жәбірленушілердің айғақтарынан бөлек, олардың дене жарақаттары, кәмелетке толмаған балаларының болуы және кінәсін толық мойындауы туралы сот-медициналық сараптамасының қорытындысын назарға алды.
Қазір 27 айыпталушының төртеуі тергеу изоляторында отыр, қалғандары үйқамақта немесе ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатылған.
Соттың келесі отырысы 13 қаңтарға белгіленді.

"Әпшу" сұрайды, омырауын береді, шашын алып тастайды": Қазақстандықтар балаларының жеке шекарасының бұзылып жатқанына шағымданды
