Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда бес экс-полицей тергеу кезінде адамды азаптағаны үшін сотталды

23 қарашада Атырауда қалалық ішкі істер басқармасының бұрынғы бес тергеушісі “азаптау” ісі бойынша сотталды. Сот бес полицейді кінәлі деп тауып, 3-4 жылға түрмеге кесті. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды.

Атырау полиция сот

Дереккөз: Азаттық радиосы

Ақпаратқа сүйенсек, "адам азаптады" деп айыпталған Шыңғысхан Айтбаев, Марат Жонбай, Тимур Мажитов төрт жылға сотталса, Асланбек Төлеуішов пен Ербол Сиғуатов "адам азаптауға көмектесті" деген айыппен үш жыл түрмеге кесілген.

Сотталған экс-полицейлер Атырау қалалық полиция басқармасында жұмыс істеген. Төртеуі бұйрықпен жұмыстан босатылған, біреуі өз еркімен жұмыстан кеткен. Сот үкімімен айыпталғандардың бәрі де шендерінен және органдарда қызмет ету құқығынан үш жыл мерзімге айырылды. Сотталғандар жазасын қатаңдығы орташа түрмеде өтеуі тиіс.

Сондай-ақ, үкімге сай, әрқайсынан жәбірленушіге 500 мың теңге моралдық өтемақы өндіріледі.

Судья Зәуре Қазақбай айыпталушылардың кінәсі бейнежазбалар сынды айғақтармен дәлелденгенін айтты. Алайда сотталғандардың адвокаттары Руслан Жакупов пен Аслан Жолболов сот үкімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді.



Сот-медициналық сараптама азаптау кезінде жәбірленуші Руслан Қуанышқалиевке "жеңіл дене жарақаты келтірілгенін" деген қорытынды шығарған. Оның сол жақ құлағының дабыл жарғағы зақымданған, сол көзі жарақаттанған. Бірақ тергеу бұл сараптамамен келіспей Оралда екінші сараптама жүргізеді. Қорғау тарабы екінші сараптамаға күдік келтіреді. Жакуповтың сөзінше, сараптама 11 ақпанда жүргізілген, бірақ сараптама жүргізу туралы бұйрық екі күннен кейін, 13 ақпанда шыққан.

Қуанышқалиев биыл ақпанда өзін полицейлердің азаптағаны жөнінде арызданған. Ақпанның басында полиция Қуанышқалиевке "бір адамды ұрып-соқты" деген айып таққан. Қуанышқалиев айыпты мойындамаған.

Жәбірленуші сотта айыпталушының әрқайсысынан 2 млн теңгеден өндіруді талап етті. Айыпталушылар бұл талаппен келіспеген еді.

Талқылау