Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Харекет" қоры берген": Атырауда көпбалалы ана үйсіз қалып, балаларын мемлекет қарауына тапсыруға мәжбүр болды

БАҚ беттерінде Атырауда жақын маңдағы ауылдық округте тұратын көпбалалы ана әлеуметтік жағдайының нашарлығына және үйінің апаттық жағдайда болуына байланысты 5 баласын бейімдеу орталығына, 3 баласын сәбилер үйіне уақытша орналастыруға мәжбүр болды деген ақпарат тарады. Сондай-ақ отбасыға бұл үйді 2020 жылы “Харекет” қоры табыстағаны туралы ақпарат бар. Stan.kz тілшісі жағдайдың анық-қанығын білу үшін “Харекет” қорына хабарласты.

Фото: Pexels.com

Атырау облысы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Айжан Сәрсембаеваның айтуынша, бұл көпбалалы отбасы 2020 жылы “Харекет" қайырымдылық қорының көмегімен үй алған. Бірақ үйдің сапасы сын көтермей, төбесінен су ағып, жылу жүйесі істен шыққан. Сол себепті көпбалалы ананың әлеуметтік жағдайы Атырау қалалық әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияда қаралған. Оның өтініші негізінде 5 бала Атырау облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, ал 3 бала "Сәбилер үйіне" уақытша орналастырылған.

“Бұл бір жағынан анасының өтініші: уақытша балаларды паналатуға, себебі үйін реттеп, жылу құбырғысын жөндеп алғысы келген. Қазіргі кезде үй жылы, таза, інісінің көмектескенін айтты. Үйдің төбесін күн жылынған кезде жөндейді. Өйткені қазір күн суық”, – дейді Айжан Сәрсембаева.

Осы тұста Stan.kz тілшісі “Харекет” қайырымдылық қорына хабарласты. Қор директорының орынбасары Анар ханым 2020 жылы қорда жұмыс істемегенін айтты.

“Біріншіден, мен 2020 жылы “Харекет” қорында жұмыс істемедім. Қорда жұмыс істеп жатқаныма 2 жыл болды. Екіншіден, бес жыл бұрын қор апаттық жағдайдағы үйді бермейді. Мен бұған сенімдімін. Оның үстіне, 5 жыл бұрын берілген үйді өздері сылап, күту керек еді”, – дейді қор өкілі.

 

Талқылау