Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау тұрғындары өткір иістен тұншығып жатыр

Атырау қаласының тұрғындары бірнеше күннен бері сасық иіске тұншығып отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Алайда бүгін түнде иіс тіпті күшейіп, дала түгілі, үй ішінде тыныстау мүмкін болмай қалған. Өткір иіске тұншыққан жұрт экология департаментіне барып шағым жазып жатыр. 

“Біз қаланың ауасын қадағалауды талап етеміз. Қалада таза ауа жоқ. Күкіртсутегі шектен асты. Бұл Атырау мұнай және газ өңдеу зауытынан шығып жатқан иіс деп ойлаймыз. Мен өзім химикпін. Қаланың ауасын күнде бақылап отырмын. Нормадан үштөрт есе асып тұр. Сұмдық қой! Халықтың денсаулығын құртып жатыр”, – дейді Атырау тұрғыны Қарлығаш Құдайбергенова.

Экология департаментінің мәліметінше, бүгін ауадағы күкіртсутегінің көлемі шектік нормадан үш-төрт есеге көтерілген. Ал жағымсыз иіс жел бағытымен қала сыртындағы булану алаңынан келіп жатыр дейді шенеуніктер.

“Бүгінгі жел бағыты солтүстік батыстан, яғни ол булану алаңы –  Квадраттан. Күкіртсутек көрсеткіші мобильді қосымшада, қаладағы орнатылған стансалардағы көрсеткіш 20 фактідан асқан ПДК көрсетіп тұр. Жалпы иіс булану алаңы – "Квадрат". Бүгінгі иіс сол жерден”, – дейді Атырау облысы экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхамбетов.

Алайда қала тұрғындары бұған сенбейді. Олар ауаға тарап жатқан күкіртсутегі тек булану алаңдарынан емес, Атырау мұнай және газ өңдеу зауытынан шығып жатыр деп күдіктенеді.

“Қазіргі айтып отырған уәждері әкімдіктердің де, экология департаментінің – шындыққа келмейді. Себебі, күнделікті төгіп отырған су көлемі белгілі. Бүгін 5 литр, арғы күні 5 литр. Ол иіс ешқашан өзгермейді. Жел тұрсын, күн ысысын, иіс бір қалыпты тұруы керек. "Квардат" екеніне сенбеймін. Мысалы АНПЗ ішіндегі бүкіл цехтың бәрі бірінші цех біреудікі, екіншісі біреудікі, тазалау басқанікі. АНПЗ бүтін мекеме емес, ол ыдырап кеткен мекеме. Әрбір адамның қолында кеткен”, – дейді Атырау тұрғыны Таңат Нұрымов. 

Қаланың оң жақ бөлігінің кәріз суы төгілетін бұл аумақ 500 гектар жерді алып жатыр. Тұрғын үйлердің ғана емес, ірі компаниялар да лас суын төгетіндіктен, көлемі жылдан жылға ұлғайып, жел тұрса қолқаны қабатын жағымсыз иіс қаланы басып қалады. Бұл булану алаңын рекультивация жасау жұмысы биыл басталған. Толық тазарту 2024 жылы ғана аяқталады.

Атыраулықтарды дүрліктірген өткір иісті санитарлық дәрігерлер де "Квадрат" булану алаңынан екенін айтты. Алайда олар ауадағы шамадан төрт есеге асып түскен күкірсутегінің адамға қаншалықты зиян екенін ашып айтпады. Сынама қорытындысын күтеміз деп отыр.

 

Талқылау