Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысында жерге мұнайға ұқсас сұйықтық төгілген

Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы Сүйіндік ауылының маңындағы жерге мұнайға ұқсас сұйықтық төгілген деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сүйене отырып.

Бұл ақпарат 24 қарашада Whatsapp мессенджері мен әлеуметтік желіде тарады. 

Аудан әкімдігіне сенсек, сұйықтық Сүйіндікке "Ыдырыс" қыстауының маңында төгілген. Оған жақын жерде "Смарт Ойл" ЖШС барлау-бұрғылау жұмысын жүргізіп жатыр екен. Оқиға орнына Сүйіндік әкімі мен полиция инспекторы барған.

"Батырбек ауылынан 8-9 шақырым жерде ("Смарт Ойл" ЖШС барлау-бұрғылау жұмысын жүргізіп жатқан жерде) мұнай өніміне ұқсас қара сұйықтық төгілген. Бүлінген жердің жалпы ауданы шамамен 50 шаршы метр. Бұл дерек бүгін таңертең, 25 қарашада Құрманғазы ауданының полиция бөлімінде тіркелді. Мұнай өнімдеріне ұқсас сұйықтық төгілген жерге жедел-тергеу де барды", – дейді Құрманғазы ауданының әкімі.

"Смарт Ойл" ЖШС биылғы тамыздан бері "Ыдырыс" қыстауының маңында барлау-бұрғылау жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл қыстау Құрманғазы ауданының орталығынан 250 шақырым қашықтықта орналасқан. 

STAN.KZ
Жұма, 25 Қараша, 2022 15:01
Талқылау