Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысында рөлі оң жақтағы көліктерге жолаушы тасымалдауға тыйым салынды

Видеодан скрин

Атырау облысында рөлі оң жақтағы көліктерге жолаушы тасымалдауға тыйым салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды. 

Полиция жол апатын азайту мақсатында жолға шығып, Toyota Alphard, Toyota Estima маркалы көліктерді жаппай тоқтатуда. Бұл шектеу такси қызметін көрсетіп, нәпақасын тауып жүрген жүргізушілердің наразылығын туғызды. Жүргізушілер табыстан қағылып, күнкөрісіміз қиындай ма деп алаңдайды.

Ауыл, аудан мен қала арасында жолаушы тасымалдап жүрген жүргізушілер бір-ақ сәтте жұмыссыз қалды. Рөлі оң жақта, жеті немесе сегіз адамға арналған көлік иелері полицияның енгізген шектеуіне үзілді-кесілді қарсы. 

“Көлігім несиеде тұр. 4 жыл болды төленгеніне. Мен 3-4 күн болды адамдарды жолдан түсіріп аламын. Несие төлеу мерзімім өтіп кетті. Бір күнде тоқтатып тастауға болмайды ғой. Біз жұмыс істеп отырған халықпыз. Отбасымызды асырау керек. Оңай емес бізге”, – дейді жүргізуші Арман Бағытов.

Қазақстан жол апатынан қаза тапқандар саны бойынша әлемде алғашқы үштікке кірді

 

Қазақстанда бірқатар апаттардан кейін Toyota Alphard көлігіне тыйым салу ұсынылды


Апта басынан бері атыраулық полицейлер тасжолдарға шығып, рөлі оң жақтағы көліктерді жаппай тоқтатуға кіріскен. Көһлік ішінде жолаушылар отырса, жүргізушіге бірден айыппұл салынады. Қажет болса көлік айып тұрағына жіберіледі. Жолға шыға алмай қалған жүргізушілер шектеуді алып тастауды сұрайды.

“Күнделікті табатын 10-15 мың теңге ақша. 3-4 күн болды жасыратыны жоқ, үйден шыға алмай қалдым. Жұмыс жоқ үйде жатырмыз. Бізге керегі шектеуді алсын”, – дейді жүргізушілердің бірі Қанат Құлдырахманов. 

Ал полиция өкілдері Toyota Alphard, Toyota Estima маркалы көліктердің жолаушы тасымалдауға құқығы жоқ екенін айтады. Оған қоса, заңсыз такси қызметін атқаратын осы көліктердің көпшілігі жылдамдықты шектен асырып, ережені елемейді екен.

“Осы жылы тас жолдарда ауыр жол апаттарынан 16 адам қайтыс болып отыр. Оның ішінде сәби, балалар да бар. Аудан, елдімекендерде 6-7 адамнан көлікке салып алады. Адам өмірі маңызды емес, күнделікті табысын ойлап кетті. Жол көлік оқиғасын алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, кеңінен қайтарып жіберіп жатырмыз”, – дейді Атырау облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Әділбек Шахматов.

Еске салсақ, бұған дейін жәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Қазақстанда барлық “оң жақ рөлді” көліктерді пайдалануға толығымен тыйым салуды ұсынған еді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 03 Желтоқсан, 2025 23:02