Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысында бір отбасының жоғалуы: Екінші қызын басқа аудандағы жанармай құю бекетінде көрген

Фото: Видеодан скрин

Атырау облысында бір отбасының төрт мүшесінің жоғалу дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр. 6 қаңтар күні кешке полиция екі ай бұрын із-түзсіз кеткен ерлі-зайыптының мәйітін үй маңындағы қорадан тапты. Ал қараша айында олардың қыздарының бірін көрші аудандағы жанармай құю бекетінде бейнебақылау камералары тіркеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Тілшілер ауыл тұрғындарынан оқиға туралы не білетіндерін сұраған. Көршілер осы уақытқа дейін не болғанын болжай алмай, таңданыста жүрген.

"Өте қарапайым, ешкімге зияны жоқ адамдар еді. Екі зейнеткер, балаларының екеуі де мүгедек. Көршілердің ешқайсысы күмәнді ештеңе байқамады. Олардың жоғалғанын тек туыстары арыз бергенде білдік. Қазір ешкім ештеңе білмейді", – дейді Усен Жолдасұлы.

Таңертеңнен бері ауылда полиция көп болған. Олар көршілер мен туыстардан жауап алған. Айта кетерлігі, жақындары да не болып жатқанын түсіне алмаған. Себебі бастапқыда жоғалған отбасының ұлы байланысқа шығып тұрған.

"Адамдар неге бірден іздемеді деп жазады. Бірақ жиенім Наурыз WhatsApp арқылы хабарласып отырды. Анасын ауырып қалды деп, малды сатуға шешім қабылдағанын айтқан. Ауылдастарға жазып, мал ұсынды. Бірақ дауыстық хабарлама да, бейнеқоңырау да болмады. Тек мәтіндік хабарламалар еді. “Мынадай мал бар, алып кетіңдер, маған ақша өте қажет” деп жазды", – дейді Шалқар Мукангалиев.

Үй иесінің әпкесі де малдың түгелдей сатылып жатқанын көріп, күмәнданғанын айтады.

"Інім ешқашан ұзаққа кетпейтін. Малын қараусыз қалдырмайтын, бір жаққа кетсе міндетті түрде ескертетін. 14 желтоқсанда біртүрлі жағдайды сездім. Оған дейін ештеңе білмедік, өйткені ұлы анасын емдеуге алып кетті деп айтқан", – дейді туысы Фаризат Кенжегалиева.

Полиция әзірге аз ақпарат беріп отыр. Белгілісі, 5 қараша күні бұл үйден таксимен жоғалған ерлі-зайыптылардың тағы бір қызы кеткен. Ол күйеуі мен балаларымен бөлек тұрған. Кейін оны Индер ауданындағы жанармай бекетінде бейнекамералар тіркеген.

Ал зейнеткерлер мен олардың екі ересек баласы із-түссіз жоғалғандай болды. Іздеу жұмыстары бүкіл аумақта, тіпті су астында да жүргізілген.

"Іздеу жұмыстары Шадымантүбек, Бесмола, Бірмола учаскелерінде 20 шақырым радиуста жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ полицияның тапсырмасымен Қарасу аумағы тексеріліп жатыр. Бұл жерде сүңгуірлер мен суасты дроны жұмылдырылған", – деді Атырау облысы ТЖД басқармасының басшысы Жанторе Демешов.

Телеарнаның мәліметінше, бейнекамераға түскен зейнеткерлердің қызы мен оның жұбайы Қазақстаннан Өзбекстанға кеткен. Сонымен қатар, кей кездері ер адамның ұялы телефон нөмірі де белсенді болып отырған.



Еске салайық, Атырау облысы Жангелді ауылында бір отбасының бірнеше мүшесі із-түссіз жоғалып, іс қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды. Тергеу барысында 1959 жылы туған ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Насип Өтешқалиеваның мәйіттері табылып, қылмыс адам өлтіру бабы бойынша тіркелді. Атырау облыстық полиция департаменті күдіктілер анықталғанын, оларды ұстау шаралары жүріп жатқанын хабарлады, ал тағы екі адамның тағдыры белгісіз күйінде қалып отыр.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 07 Қаңтар, 2026 09:46