Атырау облысында ауыл тұрғындары балдыр дәмі бар көгерген су ішіп отыр (видео)
Атырау облысындағы Бұзаусылаң, Жапырық және Құрманғазы елді мекендерінің тұрғындары бірнеше жылдан бері балдыр дәмі бар көгерген су ішіп отырғандарын айтып шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Azh.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұзаусылаң ауылы тұрғындарының айтуынша, бұл жағдай жыл сайын жазда қайталанатын көрінеді.
"Үнемі дүкеннен су сатып ала беруге шамамыз жоқ. Құзырлы органдар, әкімшілік және депутаттар немқұрайлылық танытып отыр. Бөтелкедегі суды сатып ала алмағандар көгерген су ішеді. Судың дәмі жағымсыз. Әрине, суды қайнатамыз, бірақ ол жағымсыз дәмнен де, иістен де құтылуға көмектеспейді. Су ыстық болған сайын дәм соғұрлым жиіркеніш тудырады", - деді ауыл тұрғындары.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі оқиғаны жоққа шығармады. Мәселенің мүмкіндігінше тезірек шешілетінін айтты.
"Бұзаусылаң және Жапырық елді мекендерінің тұрғындары аталмыш ауылдар арқылы өтетін арнадағы су деңгейінің төмендеуіне байланысты жағымсыз иіс шығатынын жеткізді. Біз мұны жоққа шығармаймыз. Аудан орталығындағы Құрманғазы елді мекеніндегі екі су тазарту қондырғысы бар, олар, өкінішке орай, бүкіл халықты таза сумен қамтамасыз ете алмайды. Себебі ауыл жыл сайын өсіп жатыр, үйлер саны көбеюде... Мүмкіндігінше мәселені шешіп, суды бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, құдығы барларға су тасушылармен жеткізіп береміз", – делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, облыста 23 су тазарту нысаны болса, оның ішіндегі ең қуаттысы "Құрманғазы су арнасы" ЖШС-не берілген Құрманғазы су тазарту қондырғысы. Аудан басшылығының мәліметінше, Құрманғазы, Еңбекші, Қадырқа, Орлы, Нұржау, Хиуаз елді мекендерін Астрахань – Маңғышлақ су алабымен байланыстыру жұмыстары аяқталды. Қазір соңғы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әкімдік бұл елді мекендер жақын арада магистральдық суға қосылып, тұрғындар таза су ішеді деп сендірді.
Бұл қаншалықты тез болатынын аудан басшылығы нақтыламады.