Атырау маңында Алтын орда дәуірінде құйылған күміс тиындар табылды
Фото: gov.kz
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің археологтары "Ақтөбе-Лаэти" қалашығына жүргізілген археологиялық қазба кезінде ХІІІ ғасырға тиесілі көне күміс тиындар тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ғылым және жоғары білім министрлігі таратқан мәлімет бойынша, ғалымдар бұл көне тиын Жошы Ұлысында құрылған Алтын Орда мемлекетінің билеушісі Меңгу-Темір хан тұсында құйылған ақшалар тобына жататынын анықтаған.
"Бұл тиындар белгілі нумизматик ғалым Павел Николаевич Петровтың пайымдауынша, ХІІІ ғасырдың екінші жартысына сәйкес келеді. Құйма ақшаның бір бетінде Меңгу-Темір ханның таңбалары, екінші жағында Қытай иероглифтері бейнеленген. Оның себебі Шыңғысханнан тараған Құбылай ұрпақтары мен Шағатай ұлысы арасында қақтығыстарда қолға түскен саяси тұтқын Номуханмен байланыстырады", – дейді археолог Амангелді Мұғауұлы.
Археолог қазба тиыннан бөлек, "Тағара" ыдысы да бүтін күйінде табылған. Тарихи қалашықты қазуға Атырау облыстық тарихи-мәдени мұраларды зерттеу орталығы тапсырыс берген. Облыстық тарихи-мәдени мұраларды зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаевтың айтуынша, бұл қалашықты болашақта ашық аспан астындағы музейге айналдыру жоспарланған.
"Соңғы екі-үш жылдықта бұл жерге ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Қалашықтың 53 гектар аумағы толықтай қоршалды", – дейді Толыбай Достыбаев.
Археологиялық зерттеуге Атырау университетінің тарихшы мамандығында оқитын студенттер де қатысқан. Көне қалашықтың 500 шаршы метр аумағынан аршып алған артефактілер оқу ордасының зертханасында кеңінен зерттелмек.

"Балам әкесінің дертін "мұра" етіп алды": Қазақстандық шизофрениямен ауыратынын 16 жыл бойы әйелінен жасырып келген
