Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау әкімдігі жол бойындағы екі жарым мыңға жуық жасыл желекті отап тастады

Атырау әкімдігі жол жиегінде өсіп тұрған екі жарым мыңға жуық ағашты отап тастаған. Белгілі болғандай оталған 2 гектар жер кәсіпкерге беріледі екен. Қоғам белсенділері жасыл желектің оталып кеткеніне наразы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Ағаштары оталған қала сыртындағы А-28 деп аталатын аумаққа жанармай бекеті салынайын деп жатыр. Қоғам белсенділері тал-теректі отап тастағандардың жауапкершілікке тартылуын талап етіп отыр.

“Атырау экологиясы нашар қалалардың қатарына кіреді. Тұрғындар жыл сайын зауыттардан шығатын жағымсыз иіске тұншығып отыр. Бұл әрекеті барып тұрған бассыздық деп санаймын. Масқара ғой. Мен ағашты кесуге қарсымын. Өйткені қаланың экологиясы өте нашар. Жол бойында жанармай бекеттері көп қой. Олардың санын көбейтудің қажеті жоқ. Керісінше, тал-терек егіп, табиғатты аялау керек”, – дейді қоғам белсендісі Нұрлан Жунасов.

Бір кездері жасыл желектен көрінбеген жер енді тегіс алаңқайға айналған. 2 гектар бос жер енді кәсіпкерге беріледі. Бұл аймаққа жанармай бекеті салынғалы жатқаны расталды. Шенеуніктер де құрылысқа рұқсат қағазы берілгенін айтады. Ал мамандар жұлынған ағаштар басқа жерге егілетінін айтты.

“Жерді әу баста архитектура бөлді. Бәрі заңды. Рұқсаттары бар. Сол орынға қағазын алды. Барлық жұлынған ағаштар қала аумағына қайта егілді. Саябақ пен қоғамдық орындар әрі сауда ойын-сауық орталықтардың алдына егілді”, – дейді Атырау облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясының бас маманы Ерболат Айтқалиев.

Кәсіп иесі өз кезегінде әкімдікке 300-ден аса тал-теректі сыйға берген. Сондай-ақ оған бекеттің айналасына ағаш егу міндеттелді. 

Талқылау