"Атамды "жапон тыңшысы" деп атып өлтіргені үшін тегімізді өзгерттік": Қазақстандық әйел репрессия жылдарында туыстарының көрген қасіретін баяндады
Фото: Stan.kz / Солдан оңға қарай Амиргали Менешев, жұбайы Алима Менешева және атасының інісі Ниетқали Менешев / Шөбересі Сәуле Кушерова
Шымкенттік Сәуле Кушерова саяси қуғын-сүргін құрбанының тікелей ұрпағы. Оның үлкен атасы су шаруашылығының халық комиссары, Оралдан шыққан білікті маман болған. 1930-жылдардағы жаппай репрессия кезінде жалған айыппен атылып, әжесі АЛЖИР лагеріне қамалған. Отбасы бұл ауыр тағдырды ұзақ жылдар бойы құпия сақтап келген. Сәуле Stan.kz тілшісіне бүгінде бұл ауыр тарихты зерттеп, әулетінің мұрасын жинап жүргенін айтты.
"Балалары жан-жаққа тарыдай шашылады"
Сәуле Кушерованың әулетінің тағдыры қазақ тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі, саяси қуғын-сүргін жылдарымен тығыз байланысты. Бұл естен кетпес оқиғаға Сәуленің туған атасы куә болған екен.
"Үлкен атам Оралдан шыққан, өте білімді, су шаруашылығы саласында жоғары лауазым атқарған азамат. Ол кезде бұл қызмет халық комиссары деп аталған, қазіргі тілмен айтқанда ауыл шаруашылығы министріне пара-пар қызмет. Алдымен Мәскеуде жұмыс істеген, кейін Алматыға жіберілген. Сол жерде жұмыс істеп жүргенде, оған жала жабылып, бір түнде үйінен тұтқындап әкетеді. Атам сол кезде бала болған. “Бір түні барлық балалар ұйықтап жатқан, кенеттен есік қағылды" айтып отыратын. Үлкен атам есікті ашқанда, қара киім киген адамдар кіріп келіп, оны тұтқындап әкетеді. Қақпа алдында ол менің атама қарап “Осы күнді есіңде сақта. Балалар мен анаңа сен қарайсың” деп аманат айтқан. Бұл оны соңғы рет көрген сәт екен", – деп еске алады Сәуле.
Фото: Сәуле Кушерованың жеке архивінен
Келесі күні-ақ әжесін де тұтқындап, Ақмола қаласындағы АЛЖИР лагерінен яғни саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың әйелдеріне арналған лагерьге жөнелткен. Ал олардың балалары жан-жаққа тарыдай шашылады, біреуі балалар үйіне тап болады, енді біреулері қашып кеткен. Көшеде қайыр сұрап, қиын жағдайда өмір сүрген. Кейбірі жас болғандықтан ұрлыққа да барған шығар дейді Сәуле.
"Олардың кейінгі өмірі оңай болмады. Ата-анасыз өсті, көбіне көшеде жүрді. Дұрыс білім алмады, дұрыс жұмыс таппады. Себебі олардың ата-аналары “халық жауы” деп танылған еді. Кейін олар тегін өзгертуге мәжбүр болған. Әуелде, Менешевтер, кейіннен Ниетқалиевтер болып кеткен. Бұл жайлы мен тек 2014 жылы білдім. Бұрын мұндай әңгімелер отбасы ішінде айтылмайтын. Кеңес заманында егер біреудің туысы қуғын-сүргінге ұшыраса, ол туралы айтуға тыйым салынған еді. Бұл шындықты Астанада жұмыс істеп жүргенде білдім. Ол кезде ірі компанияда заңгер едім. Бір кездесуде вице-министр менен “Сіз ерекше жансыз, тамыры терең адам сияқты көрінесіз. Қай жақтансыз? Жетінші атаңызға дейін білесіз бе?” деп сұрады. Мен бірден трайбализм деп ойлап қалдым. Бірақ ол “Жоқ, сіздің сауаттылығыңызға таңғалып отырмын” деді. Сол кезде мен оған осы оқиғаны айтып бердім. Ол маған АЛЖИР лагеріне барып көруді ұсынды", – дейді Сәуле.
"Әжем зорлық-зомбылықтың бәрін көрген"
Қазір Сәуле осы тарихты зерттеп, отбасының тағдырын деректермен жинап, арнайы кітап жазуға кіріскен.
"АЛЖИР лагеріне бардым, музей қызметкерлерімен кездесіп, олар маған әжемнің архивтік ісін табуға көмектесті. Бұл әжемді тұтқындаған кездегі іс. Сонда лагерде жүргенде әжем Лаврентий Берияға (КСРО мемлекеттік министрлер кеңесінің бұрынғы бірінші төрағасы) хат жазған екен. Ең таңғалдырғаны, ол хатта әжем ешкімді кінәламайды, өзін де ақтауға тырыспаған. Жай ғана “Иә, күйеуім жұмыс істеді, бірақ немен айналысқанын білмеймін. Жалғыз өтінішім, мені босатып, балаларымды көруге мүмкіндік берсеңіз екен” деп жазған", – дейді Сәуле.
Сәуленің үлкен әжесі Саратовтан шыққан адам екен. Ол лагерде жазасын толық өтеп шыққан.
"Қателеспесем, ол 1958 жылға дейін отырған. Әжем өте жақсы тігінші болған. Лагерьде де тыл жұмысына қатысып, соғыс кезінде армияға арнап фуфайкалар мен басқа да киімдер тіккен. Бірақ өмір сүру жағдайы өте ауыр болған. Саманнан салынған барактарда тұрған, төсек те, жастық та болмаған. Жай ғана қамыстың үстінде ұйықтаған. Аштық, қорлық, зорлық-зомбылықтың бәрін көрген. Соған қарамастан, әжем бәріне шыдап, аман қалып, лагерьден оралған соң балаларын тауып алған", – дейді Сәуле.
Фото: Сәуле Кушерованың жеке архивінен / Алима Менешеваның хаты және өзінің айдалғанға дейінгі суреттері
"Жапондардың тыңшысы" деген ақылға қонымсыз, мүлдем өтірік айыппен ұстаған"
Сол әже кейін өзінің шөбересі болып дүниеге келген Сәулеге қолдан тігіп жөргек жасап береді. Жөргектер әлі күнге дейін бізде сақтаулы дейді Сәуле көзіне жас алып. Әжесінің тағдырын зерттей келе, енді арғы атасының яғни әжесінің күйеуінің ізімен жүріп, архивтік материалдарды іздей бастайды.
"Бұрын ол істер құпия болған. Неліктен, не үшін, қандай баппен тұтқындалғанын білу мүмкін емес еді. Музей қызметкерлерінің көмегімен мен Алматыдағы архивтен оның жеке ісін таптым. Тіпті тұтқындау және тергеу хаттамалары да табылды. Ол кісіні "жапондардың тыңшысы" деген ақылға қонымсыз, мүлдем өтірік айыппен ұстаған. Бұл сол замандағы көптеген жалған айыптаулардың бірі ғана", – дейді ол.
Сәуле атасының түрмедегі жағдайының қандай сұмдық болғанын құжаттардан көріп, жанын қоярға жер таппағанын айтады.
"Ол тұтқындалғанда жас әрі көрікті жігіт болған, бірақ бірнеше айдың ішінде нағыз кәрі шалға айналған. Елестетудің өзі қорқынышты, оларды қалай азаптаған, не істегені белгісіз... Соңында, Берияның бұйрығымен, қателеспесем, Оленковтың қолымен атып тастаған", – дейді Сәуле.
Арғы атасының туған інісі де ерекше тұлға болған. Мәскеуде байланыс халық комиссары қызметін атқарған, Микоянның тұсында Полиграфияда жұмыс істеген.
"Ресми түрде ол “ауырып қайтыс болды” делінеді. Бірақ жұрт оны улап өлтірген дейді", – деп еске алады Сәуле.
"Өз атам фамилиясын өзгертуге мәжбүр болды"
Айтуынша, оның бұл туысы Қазақстан делегациясы алғаш рет Ленинге барғанда солардың қатарында болып, алғашқы өкілдердің бірі ретінде тарихта қалған.
"Ол да аңызға айналған тұлға. Жалпы біздің әулет өте сауатты, білімді болған. Қазақ және орыс тілін бірдей меңгерген. Үйде олардың жазған хаттары сақтаулы, бәрі ретпен, әдеппен жазылған. Киім киістері, сымбаттары суреттерінен-ақ көрініп тұр. Бұлардың бәрі – бір кездегі парасатты қазақ зиялыларының айғағы. Біздің әулетке бұл оқиғалар қатты әсер еткен. Мысалы, менің атам бұл жағдай туралы ешқашан ашық айтпаған. Себебі ол кезде мұндай тақырыптар жабық болды, ешкім шындықты білмейтін. Ал менің әжем тек 1958 жылы ақталып шықты. Атам бұл оқиғадан қатты зардап шекті. Біріншіден, олар фамилиясын өзгертуге мәжбүр болды. Екіншіден, соғыстан кейін өз атам еш жерге жұмысқа тұра алмады. Себебі билік ата-бабамды “Отанын сатқан опасыздар” деп санаған. Менің ойымша, егер бәрі басқаша болғанда, атам коммунист болып, партияға өте алғанда, ол Ауыл шаруашылығы министрі де болар еді. Өйткені ол неміс тілін жақсы білген, қазақ және орыс тілдерін де еркін меңгерген", – дейді Сәуле Кушерова.
Фото: Сәуле Кушерованың жеке архивіне
Сәуле Кушерованың атасы өмір бойы шындықты үзік-үзік жинап жүрген екен. Бірақ Сәуле бұл кезде архивтер жабық болғанын алға тартты. Әжесінен ұқыптылық пен қолөнер дарыған, үйінде бұйымдары сақталған.
"Әр архив құжатын ақтарған сайын, әр кітапты оқыған сайын жүрегім ауырады. Қазақ халқы ашаршылық, қуғын-сүргін сияқты көп зұлматты бастан кешті. Біз онсыз да аз халық едік, ал осындай қайғылы оқиғалардан кейін саны екі есе азайып кетті. Ең өкініштісі, қазіргі жастар бұл оқиғаларды ескере бермейді. Себебі қазір бейбіт заман, тыныш өмір. Кейде қазіргі ұрпақ мүлдем өткенін ұмытқан "мәңгүрт" болып кетпесе екен деп ойлаймын. Сондықтан қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні, Жеңіс күні сияқты тарихи күндерді ұмытпауымыз керек. Қазақ халқы өз тарихын білуге, есте сақтауға тиіс. Әр адам өз тегін, ұлтының өткенін білуге ұмтылғаны дұрыс. Себебі біз осы білім мен сананың арқасында елімізге қызмет ете аламыз. Халқымыз дарынды, ұлы халық. Бұл тамырды ұмытпауымыз керек", – дейді Сәуле Кушерова.

"Әпшу" сұрайды, омырауын береді, шашын алып тастайды": Қазақстандықтар балаларының жеке шекарасының бұзылып жатқанына шағымданды
