Қазақстандықтар қандай жағдайда ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін?
Балаларға тәрбие беріп, жан-жақты қамтамасыз ету ата-ананың міндеті. Бұл міндеттер Қазақстан Республикасында заңнамалық деңгейде бекітілген. Балаға дұрыс қарамаған жағдайда азаматтар ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін. Қазақстанда ата-ана құқығынан айыру тек сот арқылы жүзеге асырылады. Мұндай істер кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі арнайы ауданаралық соттарда, ал олар болмаған кезде жалпы соттарда қаралады. Сот қандай жағдайда ата-ана құқығынан айыруы мүмкін? Бұл туралы Stan.kz тілшісі заңгерден сұрады.
Қандай жағдайда азаматтар ата-ана құқығынан айырылады?
Адвокат Альбина Бахтиярқызының айтуынша, ҚР “Неке және отбасы туралы” кодексіне сәйкес:
- Егер ата-аналар өз мiндеттерiн орындаудан жалтарса, оның iшiнде алимент төлеуден қасақана жалтарса (бұл тұста сот алимент төлемеу уақыт ұзақтығын, себебін толық зерттейді);
- Өз баласын перзентханадан алудан дәлелсіз себептермен бас тартса,
- Өздерiнiң ата-ана құқықтарын теріс пайдаланған жағдайда (ата-ананың баланы оқуын оқытпай, ақша сұратып қайыршылыққа, қылмыс пен жезөкшелікке итермелеген жағдайларда);
- Балаға қатыгездік көрсеткен (Оған күш қолданса немесе психикасына қысым жасаса, сонымен қатар баланың жыныстық қолсұғылмаушылығына қатысты қылмыс жасаса) жағдайда;
- Азаматтар құмар ойындарға, бәс тігуге, спирттік ішімдіктерге немесе есірткі, психотроптық заттарға салынып кетсе;
- Өз баласының, жұбайының не отбасының басқа да мүшелерінің өмiрiне немесе денсаулығына қарсы қасақана зиян келтірсе, қылмыс баланың көзінше жасалса, азамат ата-ана құқығынан айырылады.
“Алайда ата-ана құқығынан айыруға осыншама негіздердің көп болуына қарамастан, бізде мемлекет баланы ата-анасынан айырмауға барынша күш салады. Себебі ең алдымен бала құқығы ескерілуі тиіс, оны өзінің туған отбасында тәрбиелеу мәселесі маңызды саналады. Ата-ана құқығынан айыру тәжірибеде оңай емес. Әр нәрсені толықтай сотта тиісті дәлелдемелермен анықтау қажет. Ал дәлелдеме жеткіліксіз не мүлдем болмаған жағдайда, ата-ана құқығынан айыру мәселесі қаралмайды”, – дейді Альбина Бахтиярқызы.
Қандай жағдайларда ата-ана құқығынан айыру заңсыз?
Адвокат жеке тәжірибесінде заңсыз ата-ана құқығынан айыру мәселесі болмағанын айтады. Дегенмен оның сөзіне сүйенсек, мұндай жағдайлар да кездеседі.
“Мысалы, мынандай оқиға болған. Биологиялық анасы ұзақ уақыт көңіл бөлмегендіктен бала өгей әкесімен тұрып келген. Салдарынан баласына көңіл бөлмеген азамат ата-ана құқығынан айырылған. Бірақ бұл заңсыз шешім. Баламен ұзақ көріспеген үшін ата-ана құқығынан айыруға болмайды. Өйткені бұл жағдайда шынайы себептер болуы мүмкін”, – дейді заң маманы.
Адвокат өз тәжірибесіне сүйене келе ата-ана құқығынан айыру мәселесі өте күрделі екенін айта кетті.
“Мұндай істер бізде аз. Сот әрқашан баланың құқығын ескере отырып, ата-ана құқығынан айыру мәселесіне өте қатал қарайды. Себебі баланың құқығы мен болашағы өте маңызды. Мысалы, алиментті 2-3 ай төлемей қою, не болмаса балаға жай ғана келмей қою ата-ана құқығынан айыра салуға жеткіліксіз себептер. Әр нәрсе сотта дәлелденуі қажет”, – дейді Альбина Бахтиярқызы.
Ата-ата құқығын қалпына келтіру мүмкін бе?
Заңгердің айтуынша, ата-ана құқығын қайта қалпына келтіруге болады. Ол үшін бірқатар дүниелер негізге алынады.
“Ең алдымен балаға деген көзқарасын дұрыстап, оның тәрбиесіне деген ойын, өзінің тұрмысын өзгертсе (мысалы ішімдіктен бас тартса), жүріс-тұрысын дұрыстаған болса, азамат сотқа жүгініп, соны дәлелдеп, ата-ана құқығын қалпына келтіре алады. Бұл жағдайда егер бала 10 жасқа толып кеткен болса, оның пікірі ескеріледі”, – дейді сарапшы.
Ата-ана құқығынан айырудың салдары қандай
Ата-ана құқықтарынан айыру баламен туыстық фактісіне негізделген барлық құқықтардың жоғалуына әкеп соғады, дейді маман.
“Ата-ана құқықтарынан айыру азаматтарды өз баласын асырау міндетінен босатпайды. Баланың және ата-ана құқықтарынан айырылған ата-ананың одан әрі бірге тұруы туралы мәселе сот тәртібімен шешіледі. Ата-ана құқықтарынан айырылған бала тұрғын үйге меншік құқығын немесе тұрғын үйді пайдалану құқығын, сондай-ақ ата-анасымен және басқа да туыстарымен туыстық фактіге негізделген мүліктік құқықтарды, оның ішінде мұра алу құқығын сақтайды”, – дейді адвокат.
Баланы басқа ата-анаға беру мүмкін болмаған жағдайда немесе ата-анасының екеуі де құқықтарынан айырылған жағдайда бала қорғаушы немесе қамқоршы органның қамқорлығына беріледі.
“Ата-ана құқықтарынан айырылған ата-аналардың өтініші бойынша қорғаушы және қамқоршы орган, егер балаға теріс әсер етпесе, баламен кездесуге рұқсат береді. Ата-анасының бірі ата-ана құқығынан айырылған баланы асырап алуға басқа ата-анасының келісімімен рұқсат етіледі”, – дейді заңгер.
Баланы қандай жағдайда тартып алуы мүмкін?
Баланың өміріне немесе оның денсаулығына тікелей қауіп төнген жағдайда қорғаншы және қамқоршы орган баланы ата-анасынан немесе оны қамқорлыққа алған басқа адамдардан дереу тартып алуға құқылы. Баланы дереу тартып алуды республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының актісі негізінде сот шешімі қабылданғанға дейін қорғаншы және қамқоршы орган жүргізеді.
“Баланы ата-аналардан айырып алуға және оны басқа адамға беруге байланысты сот шешімдерін мәжбүрлеп орындау қорғаншы және қамқоршы орган өкілінің және бала берілетін адамның міндетті түрде қатысуымен, ал қажет болған жағдайларда ішкі істер органдары өкілінің қатысуымен жүргізіледі. Баланы ата-анасынан айыру туралы және оны басқа адамға оның мүдделеріне нұқсан келтірмей беру туралы сот шешімін орындау мүмкін болмаған жағдайда, бала соттың ұйғарымы бойынша баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдарға уақытша орналастырылуы мүмкін”, – деп түйіндеді маман.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
