Асу Алмабаев UFC турнирінің басты жекпе-жегіне шықпақ
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаев 2025 жылдың 2 наурызында өтетін UFC Vegas 103 турнирінің басты жекпе-жегіне қатысады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Америкалық Kill Cliff залындағы күрес бапкері Саид Сапаров Асудың UFC Vegas 103 турнирінің басты жекпе-жегінде португалиялық Манел Капемен кездесетінін хабарлады. Негізінен бұл кеште Капеге қарсы жеңіл салмақтағы рейтингтің көшбасшысы Брэндон Ройвал шығу керек болған еді. Алайда ол жарақат алып қалды.
Осылайша Асу Алмабаев UFC-де басты жекпе-жекке шыққан алғашқы қазақстандық спортшы атанбақ. Қазіргі рейтингте отандасымыз сегізінші орында, ал Манел Капе алтыншы орында келеді. Алмабаев Капе үшін екінші қазақстандық қарсылас. Бұған дейін спортшы Жалғас Жұмағұловты нокаутпен жеңген еді.
Асу Алмабаев үшін Манел Капе осы турнирде бекітілген үшінші қарсылас. Бастапқыда ол Стив Эрцегке қарсы жекпе-жек өткізетін болған. Алайда австралиялық спортшы Мексикада өтетін жарыста экс-чемпион Брэндон Мореноға қарсылас болып бекітілді. Содан соң Асуға бразилиялық Аллан Насиментоға қарсы жекпе-жек өткізуге ұсыныс тасталған еді. Қазақстандық спортшы бұл қарсыласты да еш ойланбастан қабылдады.