Астанадағы автобус апатынан аяғынан айырылған 8 жасар қыздың отбасына 20 миллион теңгедей беріледі
Фото: Pixabay.com
Астанада автобуспен болған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен 8 жасар қыздың отбасына өтемақы төленеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2 маусым кешке Астанада болған жол апатынан зардап шеккен 8 жасар қызға ампутация жасалды.
Автобус жүргізушісі "Евразия" СК-да тасымалдаушының жолаушылар алдындағы жауапкершілігін міндетті сақтандыру шеңберінде сақтандырылған. Сол үшін зардап шеккен 15 адам төлем ала алады. Зардап шеккендер амбулаториялық немесе стационарлық емдеуге жұмсалатын шығын үшін кемінде 200 АЕК яғни 786 мың теңге алады. Денсаулыққа келтірілген залалдың мөлшері медициналық ұйым берген құжаттар мен емделуге кеткен төлем құжаттарының негізінде айқындалады.
Зардап шеккен 15 адамның үшеуі ауруханаға жатқызылып, ауыр жағдайда жатыр. Алты бала әртүрлі дәрежедегі жарақаттармен медициналық мекемелерге жеткізілді. Ал 8 жасар қыздың аяғына ампутация жасалды.
Мүгедектік алған кездегі сақтандыру төлемдерінің мөлшері:
- I топ – 5 000 АЕК немесе 19,6 млн теңге;
- II топ – 3 500 АЕК немесе 13,7 млн теңге;
- III топ – 2 500 АЕК немесе 9,8 млн теңге;
- Балаға (мүгедектік тобына қарамастан) – 5 000 АЕК немесе 19,6 миллион теңге.
Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заң бойынша еңбекке қабілеттілігін уақытша немесе тұрақты жоғалтып, өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян сақтандыру есебінен төленеді.
Сондай-ақ жолаушы мерт болған жағдайда оның асырауындағы адамдарға (кәмелетке толмаған балаларға, әрекетке қабілетсіз немесе қарт ата-аналарға) 5 000 АЕК немесе 19,6 млн теңге мөлшерінде сақтандыру төлемі көзделген.
Астана әкімдігі автобус жүргізушісінің 15 жылдан астам тәжірибесі болғанын және көлік жүргізген кезде сау болғанын айтады.
"Оқиға болған күні ол міндетті іссапар алдындағы медициналық тексеруден өтіп, жұмысқа жіберілді. Ол демалыстан кейінгі бірінші күні жұмыс істеп жатыр. Автобус 2024 жылы шығарылған, маршрутқа жөнелту кезінде техникалық жағдайда жақсы болған", – деп хабарлады әкімдік.
Әкімдік барлық автобус жолға шығар алдында тексерілетінін баса айтты.
Автобус жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
"Жолаушылардың денсаулығына ауыр зиян келтірген маршруттық автобусқа қатысты жол ережесін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады полиция.
Еске салсақ, Астанада жолаушылар автобусы апатқа ұшыраған еді. Автобус апатынан зардап шеккен жолаушылардың жағдайы туралы айтылды.

Павлодарда "Қауіпсіз қала" жобасын іске асыруға 8,6 млрд теңге жұмсалмақ, Қытай Deep Seek-ті жасауға одан үш есе аз жұмсады – Депутат
