Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада полицейлер жеті оқушыны биік шатырдан ұстады

Астанада полицейлер көпқабатты тұрғын үйдің төбесінен кәмелетке толмаған жеті жасөспірімді ұстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото видео кадрларынан

Оқиға 28 қыркүйекте "Мирас" тұрғын үй кешенінде болған. Полицейлер биіктікте қыздың тұрғаны туралы хабарламадан кейін келген. Жасөспірімдер шатырдың ашық есігін тауып, оған көтерілген.

Ал куәгерлер не болып жатқанын видеоға түсіріп, желіге салды. Видео авторлары балалар өзіне қол жұмсауға әкелетін ойын тапсырмаларын орындап жүр деп болжады.

Алайда полиция кәмелетке толмағандардың мобильді құрылғыларын тексергенде олардан қауіпті ойындарға қатысу фактілерін анықтамаған. 

Салдарынан жасөспірімдердің заңды өкілдері ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабы бойынша (балаларды жеткіліксіз бақылағаны үшін) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.



Сонымен қатар полицейлер болашақта осындай оқиғалардың алдын алу үшін тұрғын үй кешендері мен үйлердің шатырын құлыптау шараларын қолға алып жатыр.

"Полиция тағы да ата-аналарды балаларының қауіпсіздігіне мұқият болуға шақырады. Әсіресе интернет пен әлеуметтік желілер арқылы қауіпті әрекеттерге қатысу қаупін қадағалау керек. Еске сала кетейік, бірлескен күш-жігермен ғана біз өскелең ұрпақты қорғай аламыз", – делінген ведомство хабарламасында.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда екі оқушы қыз белгісіз жағдайда тоғыз қабатты үйдің төбесінен құлап қаза тапқанын жаздық. 

Талқылау