Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Астанада өткен халықаралық Grand Slam жарысында қазақстандық дзюдошылар алтын жүлде ала алмады


Фото: Stan.kz

Астанада дзюдодан халықаралық Qazaqstan Barysy Grand Slam 2025 турнирінде қазақстандық спортшылар бірде-бір алтын медаль еншілей алмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Байрақты бәсеке 9-11 мамыр аралығында елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтті. Аталған жарысты халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) елімізде қатарынан үшінші рет өткізіп отыр.

Дүрмекті додаға әлемнің 45 елінен 358 дзюдошы қатысты. Ерлер және әйелдер арасында 7 салмақ дәрежесінде сынға түскен спортшылар 56 медальдар жиынтығын сарапқа салды.

Қазақстандық спортшылар бұл жарыста 9 жүлде жеңіп алды. Астанада өткен турнирде дзюдошыларымыз 3 күміс және 6 қола медаль ұтты.

Финалдық сынға сүрінбей жеткен үш спортшымыз да алтын жүлдеге қол жеткізе алмады. 60 келі салмақта Талғат Орынбасар ақтық бәсекеде IJF құрамасының жалауымен өнер көрсеткен ресейлік Изнаур Исаевтан ұтылды.

Бұл салмақта қос қола жүлдені де қазақстандық спортшылар еншіледі. Мағжан Шамшадин мен Аман Бақытжан үздік үштіктен көрінді.

Астанадағы Grand Slam жарысына 66 келі салмақта 2024 жылғы Париж олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев та қатысты. Олимп ойындарынан кейін бірде-бір халықаралық жарыстарға қатыспаған қазақстандық дзюдошы елорда төрінде финалға дейін жетті. Араға сегіз ай уақыт салып татамиге қайта оралған Қырғызбаев ақтық сында жеңіліс тапты. Ғұсман да финалда IJF құрамасында өнер көрсеткен ресейлік спортшыдан ұтылды, дәлірек айтсақ, Руслан Абдулаев отандасымызды қапыда қалдырып кетті. Нәтижесінде Қырғызбаев күмісті қанағат тұтты.

100+ келі салмақтың финалында тағы бір қазақ дзюдошысы Ерасыл Қажыбаев өнер көрсетті. “Қазақстан барысы” атанған балуанның да Астанада әнұранымызды шырқатуға шамасы жетпеді. Отандасымыз Азия чемпионы, жапондық Хега Отадан жеңіліп қалды.

Елордада өткен жарыста Қазақстан құрамасы тағы 4 қола жүлде жеңіп алды. Ерлер арасында 73 келі салмақта Есет Қуанов, 81 келі салмақта Абылайхан Жұбаназар қолаға қол созды. Сондай-ақ 100 келіге дейін салмақта қос қоланы да қазақ дзюдошылары ұтты. Марат Байкамуров пен Бақжан Байтас үздік үштіктен көрінді.

Осылайша үш күнге созылған бәсекеде Қазақстан құрамасы бірде-бір алтын жүлде жеңе алмады. Ал әйелдер арасында сынға түскен барлық спортшымыз жеңіліс тапты.

Жүлде саны бойынша жалпы есепте Қазақстан құрамасы 9 жүлдемен 9-орынды еншіледі. Көш басында 3 алтын, 2 күміс еншілеген IJF құрамасы. 3 алтын ұтқан Оңтүстік Корея спортшылары екінші сатыға жайғасса, үздік үштікті Жапония құрамасы түйіндеді. Күншығыс елінің өкілдері 7 жүлде (2 алтын, 4 күміс, 1 қола) жеңді.

Фото: скрин Wikipedia

Астанада өткен турнирде тағы 5 елдің спортшылары алтын жүлдеге ие болды. Франция 2 алтын ұтса, Қытай, Швейцария, Германия және Италия дзюдошылары бір-бір алтыннан тақты.

Бұл жарыста 18 елдің спортшылары медальға қол жеткізді. Қазақстан 9 жүлдемен жалпы медаль саны бойынша көш бастады. 7 медаль ұтқан Жапония екінші орын алса, 6 қола еншілеген Бразилия үшінші орында.

Абылайхан Палмағанбет
Дүйсенбі, 12 Мамыр, 2025 11:55
Талқылау