"Бұл күні 365 күй орындалған": Астанада Наурыздың тарихы мен тағылымы талқыланған халықаралық конференция өтті
Астана қаласындағы Достық үйінде Ұлыстың ұлы күні қарсаңында “Наурыз – дәстүр мен ғылым үндестігі” атты ғылыми-танымдық және мәдени-ағартушылық халықаралық конференция өтті. Іс-шараны Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен елорданың Мемлекеттік архиві ұйымдастырды.
Конференция басталмай тұрып қатысушыларға ұлттық дәстүрге негізделген арнайы қарсы алу рәсімі көрсетілді. Достық үйінде театрландырылған Амал күніне арналған көрініс қойылып, ұлттық киімдегі архив мамандары қазақтың ежелгі көрісу салтын сахналық форматта таныстырды. Қонақтарға игі тілек айтылып, дәстүрлі тағамдар бауырсақ пен наурыз көже ұсынылды. Ал мерекелік көңіл күйді домбыра күйлері мен халық әндері толықтырды.
Іс-шара аясында “Наурыз архив құжаттарында” атты тақырыптық көрме де өтті. Экспозицияға қалалық Мемлекеттік архив қорында сақталған сирек құжаттар, фотосуреттер және тарихи деректер қойылды. Көрме арқылы келушілер Наурыз мейрамының түрлі кезеңдердегі тарихымен танысуға мүмкіндік алды.
Көрмеде ұсынылған материалдар арқылы қонақтар мерекенің қоғам өміріндегі орны мен оның уақыт өте келе қалай өзгеріп, дамығанын білді. Архив құжаттары мен тарихи фотосуреттер Наурыздың тек мерекелік дәстүр емес, халықтың дүниетанымы мен мәдени жадын сақтайтын маңызды құндылық екенін аңғартты. Келушілер өткен ғасырлардағы Наурыз мерекесін тойлау үлгілерімен танысып, ұлттық салт-дәстүрдің сабақтастығын көрді. Осылайша көрме қатысушыларға Наурыздың тарихи тамыры мен мәдени маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Одан әрі жиын “Наурыз – дәстүр мен ғылым үндестігі” атты конференцияға ұласты. Жиын барысында қатысушыларға “Наурыз: көне дәуірден бүгінге дейін” атты арнайы дайындалған танымдық бейнеролик ұсынылды. Онда мерекенің қалыптасу кезеңдері, қоғамдағы орны және архив қорындағы құнды материалдар туралы мәліметтер қамтылды.
Одан кейін конференцияның ғылыми бөлімінде белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері баяндама жасап, Наурыздың тарихи, мәдени және рухани маңызы жөнінде пікір алмасты.
Мәселен, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев мерекенің этнографиялық ерекшеліктеріне тоқталса, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов қазақ дүниетанымы мен әдеби дәстүріндегі Наурыздың орны туралы айтты. Ал жазушы әрі публицист Алдан Смайыл бұл мейрамның қоғам өміріндегі мәнін сөз етті.
Жазушы Алдан Зейноллаұлының айтуынша, қазақтың көне түсінігінде жаңа жыл 1 қаңтарда емес, көктемде басталған. Қазақтар аспандағы жұлдыздардың қозғалысына қарап жыл басын анықтаған. Бұрынғы күнтізбе бойынша жаңа жыл 1 наурызда басталады деп есептелген. Ал кейін күнтізбе айырмашылығына байланысты бұл күн қазіргі есеппен 14 наурызға сәйкес келеді.
“Белгілі ойшыл Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы еңбектерінде де Наурыз туралы деректер бар. Оның жазбаларында 14 наурыз адамдардың бір-бірімен көрісіп, жаңа жылды қарсы алатын күні ретінде сипатталады. Ал 22 наурыз күн мен түн теңелетін табиғи мейрам ретінде көрсетілген. Көне дәстүрлерде 22 наурыз ерекше символдық түрде тойланған. Кейбір деректерде мереке кезінде 365 адам қара атқа, 365 адам ақ атқа мініп шыққаны айтылады. Бұл бір жылдағы 365 күнді бейнелейтін символдық көрініс болған. Қара ат мінгендер түнді, ал ақ ат мінгендер күнді білдірген. Сонымен қатар сол күні 365 күй орындалған деген мәліметтер де кездеседі”, – дейді жазушы.
Алдан Зейноллаұлы Наурыздың басты мәні халықтың рухын жаңғыртуда екенін айтады. Оның пікірінше, бұл мереке тек концерт немесе ойын-сауық ретінде өткізілмеуі керек. Наурыздың тарихи мазмұнын ашатын театрландырылған көріністер, ұлттық дәстүрлер мен тәрбиелік мәні бар бағдарламалар ұйымдастырылуы қажет дейді.
Сонымен қатар конференцияда тарих ғылымдарының докторы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Марат Әбсеметов Алаш зиялыларының Наурыз мейрамын ұлттық мәдениетті сақтау тұрғысынан бағалаған пікірлеріне тоқталды.
Марат Әбсеметовтің пікірінше, қазақ зиялыларының еңбектері Наурыздың мәнін бірнеше қырынан түсіндіреді.
“Біріншіден, олар бұл мерекенің астрономиялық негізін, яғни күн мен түннің теңелуімен байланысты екенін көрсеткен. Екіншіден, Наурыз қазақ халқының дәстүрлі шаруашылық өмірімен тығыз байланысты екені айтылған. Үшіншіден, ол ұлттық мәдениеттің маңызды бөлігі ретінде бағаланған”, – дейді Марат Әбсеметов.
Ғалымның айтуынша, бүгінде Наурыз Қазақстан қоғамында ерекше маңызға ие. Бұл мереке ұлттық дәстүрлерді жаңғыртып, жастарды мәдени мұраны құрметтеуге тәрбиелейді.
Ал мәдениеттанушы, этнолог Серік Ерғали қазіргі қоғамда ұсынылып жүрген “Наурызнама” тұжырымдамасының мазмұны мен ерекшеліктерін түсіндірді.
Жиынға Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, ғалымдар, этнографтар, тіл мамандары, мәдениет қайраткерлері, ардагерлер ұйымының мүшелері мен архив қызметкерлері қатысты.
Бұл кездесу ұлттық дәстүрді ғылыми тұрғыдан зерделеп, тарихи мұраны қазіргі заманмен байланыстыруға арналған маңызды алаңға айналды.