Астанада мектеп оқушысы қатарласын электрошокермен талдырған
Астанадағы №81 таза ағылшын тілінде оқытатын ақылы мектептің 8-сынып оқушысы құрдасына электрошокер қолданып сес көрсеткен. Тоқ ұрған қатарласы бірден мектеп дәлізінде талып қалады. Білім ордасының медпунктіне жеткізілген оқушыға мектеп дәрігерлері өздігінше алғашқы медициналық көмек көрсетуге тырысыпты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: ТАСС, Сергей Карпов
Оқиғаға куә болған ата-аналардың айтуынша, бала шамамен екі сағаттай есін жинай алмаған. Тек содан кейін ғана, жағдайдың ушыққанына көз жеткізген соң, мектеп әкімшілігі жедел жәрдем шақырыпты. Тоқ ұрған бала қазір №2 көпбейінді ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлер баланы тілге келтіріп, қажетті ем-дом жасағанын мәлімдеді.
Бұзақылыққа барған баланың ата-анасына хаттама толтырылып, тергеу басталды. Мектепке жылына миллионның үстінде ақша төлейтін ата-аналар балаларының қауіпсіздігіне алаңдаулы. Кез келген оқушының сыныпқа суық қарудан бастап, осындай электрошокер алып келуі мүмкін енін айтып, директордан білім ошағына сканер қоюды талап етіп отыр.
“Екі балам осы мектепке барады. Ай сайын удай ақша төлейміз. Бүгінгі жағдайдан кейін балаларымызды мектепке жіберуге қорқып қалдық. Ойлаңызшы, кез келген оқушы осылай элекрошокер алып келетін болса, оны қолданса, не болады? Мектеп әкімшілігі неге сөмкелерін тексермейді. Барлығын тексеруге мүмкіндік жоқ десе, сканер қойсын”, – деді оқушының анасы Әлия Дашкеева.