Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада лифтте төбелесіп, жалған қарумен пранк жасаған азаматтар қамауға алынды (видео)

Астанада лифтте пранк жасаған екі ер адам қамауға алынды. Олар төбелескен болып, соңында жасанды қару көрсетіп, лифт ішіндегі екі жігітке жалған ойын көрсеткен. Видео кадрларынан лифтке кездейсоқ кірген жігіттердің қаруды көрген кезде қатты қорыққаны көрсетілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: видео кадрларынан

Әлеуметтік желілерде таратылған видео кадрларында азамат Г. А. өзінің сыбайласымен лифт ішінде қақтығысып қалады. Сол сәтте лифт ішінде бұл пранктен хабары жоқ екі жігіт тұрады. Алғашында олар екі адамның арасындағы жанжалды тоқтатуға тырысады. Алайда ыза үстіндегі азаматтың бірі қалтасынан қаруға ұқсас затты алып шыққанда екеуі қатты шошиды. 

Қойылым барысында Г. А. тіпті қаруды жігіттерге қарай тақайды. Кейін атылған дыбыс шығарады. Бұдан шок алған жігіттердің бірі оқ тиді екен деп қайта-қайта денесін ұстайды. Ал екіншісі жерге жатып қорғануға тырысады.

Астанада полиция қызметкерлері пранкерлерді "қоғамдық тәртіпті өрескел бұзғаны үшін" ұстады.



"Мұндай әрекеттер қайтымсыз салдарға, соның ішінде дүрбелеңге, азаматтардың әл - ауқатының нашарлауына немесе куәгерлердің агрессивті реакциясына әкелуі мүмкін", - деп атап өтті полиция.

Осы факт бойынша пранктың ұйымдастырушысы ұсталып, полицияға жеткізілді. Оған қатысты уақытша ұстау бөлмесіне қамаумен ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Іс материалдары сотқа жіберілді.

Астана қаласының полиция департаменті қоғамдық тәртіпті тұрақсыздандыратын мұндай заңсыз әрекеттердің қатаң жолын кесетінін ескертті. Полиция азаматтарды жауапкершілікке, заңды сақтауға шақырды. 

Талқылау