Астанада лифтте қарумен жасалған пранк: Блогерге сот жаза тағайындады
Елордада лифтте пранк жасап, екі жігітті шошытқан Астаналық блогер сот шешімімен 15 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видео кадрларынан скрин
Іс 2 ақпанда Астананың әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
"Істің мән-жайлары бойынша, 29 қаңтарда лифтте болған кезде, желіге видео жариялау мақсатында, тапаншаға ұқсас затты (сот отырысында бұл зат ойыншық тапанша екендігі анықталды) лифттегі адамдарға бағыттап, олардың реакциясын түсіріп, жанжал тудырды", - деді сот.
Астаналық бейнероликті ойын-сауық контенті үшін әлеуметтік желілерде жариялауды жоспарлап түсіргенін айтты. Сот отырыс барысында ол өзінің іс-әрекетімен айналасындағыларға құрметсіздік білдіріп, қоғамдық тәртіпті бұзғанын мойындамады.
Сот елорда тұрғынын ҚР ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігінде көзделген "ұсақ бұзақылық" құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тауып, оған 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындады.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, Астанада лифтте төбелесіп, жалған қарумен пранк жасаған азаматтардың ұсталғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Олар лифт ішіндегі пранктен хабары жоқ екі жігітті қатты шошытады.