Астанада құрылыс компаниясы ішінде балалары бар үйдің шатырын бұзып, сүрмек болған
Фото: Видеодан скрин
Астанада Best Stroy құрылыс компаниясы жеке үйді заңсыз бұзбақ болды деп айыпталды. Оқиға 9 шілде күні Мичурин көшесі, 2-үйдегі "Садовод-3" саяжайында болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жағдайды жер дауы бойынша маманданған заңгер Жәнібек Башанов Facebook парақшасында жариялады. Видеодан үй шатырының жартылай бұзылғанын, ал сүру жұмыстары тоқтатылғанын көруге болады.
Заңгердің айтуынша, сүру жұмыстары үй иелері Асқар Байсеркеев пен Гүлмира Тілеубаев жоқ кезде басталған.
"Ең қорқыныштысы үйде ересектер болмаған, ал ішінде олардың екі баласы ғана қалған. Көз алдарында үйлерінің шатырын бұза бастағанда, балалар қандай күй кешті екен, елестетіп көріңізші. Оның үстіне, үйді сүру туралы ешқандай сот шешімі жоқ. Үй иесі мен құрылыс компаниясының арасында сот процесі жүріп жатыр. Бірақ ол әлі аяқталмаған. Ал құрылыс компаниясы сот аяталғанын күтпестен, өрескел әркетке барды", – деді заңгер.
Заңгердің сөзінше, сот орындаушысы бұл отбасыға 10 шілдеге дейін үйден күштеп шығару туралы ескерту жіберген.
Ал Астана қаласының әкімдігі 10 шілде күні оқиға орнына мамандар жіберілгенін хабарлады. Қазір үйді сүру жұмыстары тоқтатылған.
"Тексеру нәтижесі бойынша “Шар Құрылыс” нысанындағы жұмыстарды тоқтату туралы шешім қабылданды. Әкім аппараты (Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы) тексеру жүргізу туралы хат жолдады", – делінген хабарламада.
Қазір сот орындаушысы мен құрылыс компаниясының әрекеттерінің заңдылығына қатысты тексеру жүріп жатыр екен.
Айта кетейік, бұған дейін Құрылыс компаниясы бір пәтерді бірнеше үлескерге сатқаны туралы жазған едік.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
