Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада кейбір мекемелердің жұмыс уақыты өзгермек

Фото: pixabay.com

Ақорда кулуарында Астана әкімі Жеңіс Қасымбек кейбір ұйымдардың жұмыс кестесіне өзгеріс енгізілуі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат  агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қала басшысы мұндай шешім қаладағы кептеліс мәселесін шешуге септігін тигізеді деп есептейді.

"Бүгінде біз әртүрлі аудандардағы көлік ағынын талдап, кептелістерге байланысты мәселелерді шешудің түрлі нұсқаларын қарастырып жатырмыз. Соның бірі – белгілі бір аудандарда немесе қызмет салаларында жұмыстың басталу, түскі ас немесе жұмыс күнінің аяқталу уақытын өзгерту", – деді ол.

Жеңіс Қасымбек мемлекеттік органдар, бюджеттік ұйымдар және коммуналдық қызметтер үшін жұмыс уақытын сағат 08:30-ға шегеру нұсқалары қарастырылып жатқанын атап өтті.

"Бұл таңғы тоғыздағы көлік қозғалысын азайтады. Мұндай тәжірибе бүкіл әлемде қолданылады. Шынын айту керек, біздің қалада қазірдің өзінде таңғы 8-ден жұмыс істейтін мекемелер мен кәсіпорындар бар – бұл қалыпты жағдай.

Талдау осы айда аяқталуы керек. Шешім қабылданса, оны шамамен тамыз айында жариялаймыз деп ойлаймын", – деп мәлімдеді Астана әкімі.

Аида Тақабаева
Дүйсенбі, 09 Маусым, 2025 14:44
Талқылау