Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада Feminita белсендісі полицияға жеткізіліп, жауапқа тартылды

Фото: Видеодан скрин

22 қарашада Астанадағы Желтоқсан көшесі, 32 мекенжайындағы азық-түлік дүкенінде Feminita қозғалысының тең құрылтайшысы Жанар Секербаева ұсталды. Оған "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша айып тағылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Vlast.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

21 қарашада елордада Education Community ұйымының зерттеу таныстырылымы және ЛГБТКИА+ қауымдастығына қатысты кемсітушіліктің Қазақстанның дамуы мен халықаралық имиджіне әсері туралы дөңгелек үстел өтті. 

Іс-шара барысында полиция мен ЛГБТКИА+ қауымдастығына қарсы көзқарастағы әйелдер келіп, кездесуді бұзуға әрекеттенген. Туындаған жанжал барысында зерттеуші Тұрсынқан ұсталып, оған да "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша әкімшілік жаза қолданылды. Ол 78 мың теңге айыппұл төлеп, сенбі күні босатылды.

Feminita белсенділері сенбі күні түстен кейін Секербаева басқа белсенділермен бірге дәмханада отырған кезде, оған қарсы көзқарастағы әйелдер тағы да келіп, жанжал шығарған. Олардың қатарында өзін "бейжай қарамайтын көпбалалы ана" деп танытатын Зиуар Жұманова да болған. Сол жерде queer.kz белсендісі Темірлан Баймаш ұсталған.

queer.kz парақшасындағы мәліметке сәйкес, "Зиуар және басқа әйелдер кафеге баса-көктеп кіріп, күш қолданған, тіпті даяшыларға да қол көтерген. Олар боқтық сөздер айтқан".

Осыдан кейін белсенділер басқа кафе ауыстырғанымен, ол жерге де полиция келген. Жанар Секербаева қашып, дүкенге кірген кезде сол жерде ұсталған. Ол Сарыарқа ауданы полиция басқармасына (Әуезов, 40) жеткізілген. Онда жиналған белсенділерге әкімдік өкілі Дамир Хисматуллин олардың да ұсталып қалуы мүмкін екенін айтып, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы ескерткен.

Кейін полиция Темірлан Баймаш пен Жанар Секербаеваны босатты. Алайда жергілікті тұрғын олар туралы арыз жазған, бірақ ұсталғандарға ол арызбен танысуға мүмкіндік берілмеген. Жанар Секербаева өзіне қатысты аңду (сталкинг) фактісі бойынша полицияға арыз жазатынын мәлімдеді.


"Өзімізді еркін көрсетуге тыйым салады": ЛГБТ қауымдастығының өкілі Тоқаевқа үндеу жасады


"Біреулер көрсін, гей болсын демейміз": Қазақстандықтар желіде ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заңды қызу талқылап жатыр


Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаттары ақпараттық кеңістікте ЛГБТ насихатына тыйым салу мәселесін қайта көтерді.Түзету әлеуметтік желілерде дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды насихаттауға бағытталған. Депутат Наталья Дементьева балалардың мұндай ақпараттан қорғалуын маңызды деп санайды. Жұмыс тобына қатысқан оннан астам депутат бастаманы қолдады.

Айым Атамбаева
Сенбі, 22 Қараша, 2025 18:56
Талқылау