Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Экс-күйеуін өлтірген қазақстандық әйел азаматтық некедегі күйеуін де пышақтап тастаған

судьяфото: sud.gov

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты азаматтық некедегі күйеуінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірген әйелді үш жылға соттады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сотта анықталғандай, 2025 жылғы 10 мамырда әйел азаматтық жұбайына қызғаныштан туындаған жанжал кезінде пышақпен мойын тұсына бір рет соққы жасап, денсаулығына ауыр зиян келтірген.

Сотталушы сотта кінәсін мойындап, оны өлтіру ниеті болмағанын түсіндірді. Жәбірленуші сотталушыға шағымы жоқ екенін және оны кешіретінін мәлімдеген.

Сотталушының қылмыстық жауапкершілік және жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның жасаған ісіне шын жүректен өкінуі, сондай-ақ қылмысты жасауға себеп болған жәбірленушінің құқыққа қарсы әрекеттері танылды.

Іс бойынша ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот үкімімен қылмыстың мән-жайларын ескере отырып, әйелге қатысты жаза оның жеке басына қарай белгіленді. Өйткені ол бұған дейін азаматтық жұбайын өлтіргені үшін сотталған, сондай-ақ осы қылмысты бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу кезеңінде жасаған. Сонымен қатар жәбірленушінің сотталушыны қылмыстық жауапкершілікке тартпау жөніндегі өтініші де ескерілді.

Әйел Қылмыстық кодекстің 106-бабының 1-бөлігі бойынша жәбірленушінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 09 Қыркүйек, 2025 16:27
Талқылау