Астанада "бас имамның үйі" деп видео түсірген ер адам 700 мың теңгеден астам айыппұл арқалады
"Астана бас имамының зәулім үйінің" видеосын жариялаған ер адам 180 АЕК (707 760 теңге) көлемінде айыппұл төлейтін болды. Елорданың әкімшілік сотында ол видеоны көрілім үшін жариялағанын мойындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Астанада әлеуметтік желіде жала жапқаны үшін Б.-ға қатысты іс қаралды.
Сот мәліметінше, айыпталушы бөтен үйді видеоға түсіріп, Астана қаласы бас имамының үйі деп көрсетіп, желіге жариялаған.
“Ер адам үйдің көпшіліктің қайырымдылық қаражатына салынғанын айтып, имамның ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін сөздер айтқан. Осылайша басқа тұлғаның беделіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған ақпарат таратқан", – делінген сот хабарламасында.
Сот мәліметінше, Астана тұрғыны өз кінәсін толық мойындады. Сондай-ақ үйдің кімге тиесілі екенін және қандай қаражатқа салынғанын білмейтінін жеткізді. Ол видеоны көрілім үшін жариялағанын айтты.
"Жәбірленуші соттан кінәліні заң бойынша жазалауды сұрады. Өйткені ол әлеуметтік желілерде оның ар-намысы мен абыройына және беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпараттарды әдейі таратқан. Құқық бұзушылық фактісі іс материалдарымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, бейнежазба және жәбірленушінің арызымен расталды", – делінген хабарламада.
Жаза тағайындау кезінде сот жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде құқық бұзушының өз кінәсін мойындауын және шын жүректен өкінуін ескерді.
"Сот қаулысымен Б. әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабының 2-бөлігінде (Жала жабу) көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 180 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды", –делінген хабарламада.
Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Әлеуметтік желіде Астана қаласының бас имамының үйі деп түсірілген видео тараған еді. Дегенмен елорданың бас имамы бұл ақпаратты жоққа шығарған.
“Елорданың бас имамы Ерболат Жүсіповтың үйі” деп әлеуметтік желіні шулатқан зәулім сарай қазақстандық кәсіпкерге тиесілі болып шыққан.