Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Декрет төлемін бермей қойған”: Астана тұрғыны әлеуметтік сақтандыру қорын сотта жеңіп шықты

Астана тұрғыны әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қарсы сотта жеңіп шықты

Фото: pixabay.com

Астана тұрғыны мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорын сотта жеңіп шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы азаматтың мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына қарсы талап арызын қарады.

Өткен жылдың қараша айында арызданушының қызы дүниеге келген. 2025 жылдың қаңтар айынан бастап оған 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты ақысыз демалыс берілген. 

Талапкердің әйелі Астанада әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар алушы ретінде тіркелмеген. Ер адам бала күтімі бойынша табысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындау туралы қорға жүгінген. Алайда, қор оған төлем тағайындаудан бас тартыпты. Қор бала дүниеге келген күні табыстан айырылу фактісі болмағанын алға тартқан.

"Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың шешімін орынды деп тапты. Бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандырып, талапкер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы ретінде 1,5 жасқа дейінгі балаға күтім жасаған жағдайда табысынан айырылған күннен бастап, яғни бала күтіміне демалыс берілген күннен бастап әлеуметтік төлем алуға құқылы деген қорытындыға келген. Алайда бұл төлем баланың туған күнінен бастап он сегіз айдан аспайтын мерзімде төленуге тиіс", – делінген Астана сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, осыған дейін Жамбыл облысында полиция қызметкері өзін декрет демалысына жібермей қойған басшылығын сотта жеңіп шыққанын жазғанбыз.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 22 Шілде, 2025 21:14
Талқылау