Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астана тұрғындарын балағаттап, өлім тілеген танымал блогерге қатысты тексеріс басталды

Фото: senate.parlam.kz

Полиция Астана тұрғындарын балағаттаған блогер әрі қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревқа қатысты тексеріс бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тұрғындарды балағаттаған Threads желісіндегі жазбаны "Президентке хат" Telegram арнасы жариялады. 

"Қазақстандық танымал тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев Астана тұрғындарын әлеуметтік желіде қорлап, оларға өлім тіледі. Мұндай әрекеттер үшін заң бойынша жауапкершілік қарастырылған", – делінген ақпаратта.

@financekaz парақшасындағы жазбадан қаржыгердің көлік жүргізушілеріне ашуланғанын байқауға болады. 

Фото: t.me/gosrating

"Мен түсіндім. Астана – бұл ертегідегідей ақымақ адамдардың қаласы. Олар қиылыстың бос емес екенін көре тұрып, көліктерімен шыға береді. Осылар қашан өліп қалады екен", – делінген жазбада. 

Желі қолданушыларының наразылығынан кейін ол жазбасын өшіріп тастаған. Астана қалалық полиция департаменті жазбаға қатысты тексеріс басталғанын мәлімдеді.

"Аталмыш дерек бойынша полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп жатыр. Тексеру нәтижелері бойынша азаматтың пікірі қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық бағаланады", – делінген Астана полиция департаментінің хабарламасында.

Еске салсақ, бұған дейін Астанада қоғамдық тәртіпті бұзып, "ұятсыз" сөздер айтқан блогер 15 тәулікке қамалған еді. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 03 Қыркүйек, 2025 21:40
Талқылау