Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астана соты әкімдікті құжаты жоқ пәтерде 40 жыл тұрған тұрғынға жалдамалы тұрғын үй беруге міндеттеді

Фото: istockphoto.com

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына құжаты жоқ пәтерде 40 жыл тұрған тұрғыннан талап-арыз түсті.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Соттың мәліметінше, талап қоюшы 1982 жылдан бастап тұрғын үйдегі пәтерде тұрып келеді.

Әкімдіктің қаулысымен аталған апатты тұрғын үй құрылысы жер учаскесімен бірге реквизиция тәртібімен мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жатады.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының дерегіне орай пәтерге меншік құқығы тіркелмеген.

Комиссия шешімімен Ш.-ға пәтерге құқық белгілейтін құжаттар болмағандықтан, жаңа тұрғын үй беруден бас тартылған.
Алайда сот Ш.-ның даулы пәтерде 1982 жылдан бері, яғни 40 жылдан астам уақыт бойы тұрып келе жатқанын анықтады. ҚР ІІМ құжатталған халықтың деректер базасындағы мәліметтерге жүгінсек, Ш. көрсетілген мекенжай бойынша 1982 жылдан қазіргі уақытқа дейін тіркеуде тұр.

ҚР Министрлер Кабинетінің мемлекеттік меншікті жекешелендіру мәселелері жөніндегі 1992 жылғы 11 ақпандағы № 39-10/7  түсіндірмесінде көрсетілгендей, пәтерге құқық белгілейтін құжаттар болмағандықтан, аталған тұрғын үй құрылысы мемлекеттік меншікке жатады.

Талап қоюшы бұл мүлікті ашық пайдалануда, ал мүлік иесі болып табылатын әкімдік тарапынан оның даулы пәтерде тұруына байланысты қандай да бір наразылықтар, оны көшіру туралы талап қойылған жоқ.

Осыған байланысты, ӘРПК 13-бабына сәйкес, әкімдіктің аталған әрекеттеріне қатысты Ш.-ның сенім құқығы ҚР заңдарымен қорғалады.
Сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, сот әкімдік пен Комиссияны Ш.-ға арендалық тұрғын үй беруге міндеттеді.

Шешім заңды күшіне енді.
 

Айнұр Мұхади
Жұма, 26 Қыркүйек, 2025 09:45
Талқылау