Астана қаласы туралы өлеңдер
Stan.kz бетегесін самал тербеген Сарыарқаның төсінде тербеліп, еркелеп аққан Есілдің жағасынан орын тепкен Астана туралы өлең жолдарын ұсынады.
Астана
(Тұсаукесер)
Өнерлі орда, аспаны ән,
Жаңбыр — нұрмен жуынған —
Көшіп кеттің, Астана —
Жауһар Жетісуымнан.
Алатаудан бата алған,
Арқадағы қаламсың.
Қаратаудан апарған
Қара мәрмәр қалансын.
Ақтауымнан алынған
Ақтастарым көрінсін.
Көкшетаудан шағылған
Көк тастармен өрілсін.
Асқақ тұрған қалпы — айбын,
Айбатымен танылсын.
Ағашынан Алтайдың
Айшықты есік салынсын.
Әміриаттан алғызған
Асыл шамдар ілінсін.
Ұсталарға салғызған
Ұлы сесі білінсін.
Аппақ Есіл аққанда
Айдың нұры ашылсын.
Ай орнына батқанда
Күннің нұры шашылсын.
Бір қарағай, бір емен,
Орманымдай созыл сен.
Көктен медет тілеген,
Қолдарымдай созыл сен!
Береке бол халқыма,
Әулетіме кие бол.
Сәулеттеніп жарқыра,
Дәулетіме ие бол!
Ұқсап ыстық құшаққа,
О шетің мен бұ шетің.
Ақсұңқардай ұшақтан
Ақылдылар түсетін.
Астана бол, аман бол,
Ақылман бол, амал бол.
Тайсалатын тәмам қол,
Тәуелсіздігіме қамал бол!
Қара өлеңім жететін,
Қайда барсын ол да ұзап?
Жалғыз — менің мемлекетім,
Жан далам да жалғыз-ақ.
Өс, Астана, өркенде,
Көзіңде — байтақ жерұйық.
Бүгін де және ертең де,
Ел мүддесінен не биік?!
(Күләш Ахметова)
Жаңа Астана
Анау жақтан мойнын созып Көкше шың,
Санап тұрар әрбiр үйдiң текшесiн.
Әр күн сайын бара жатыр ұзарып,
Көшелерiң тық-тық басып өкшесiн.
Самал желi бұйра талды тарайды-ай.
Түнгi шамдар-ұжмақтағы арайдай.
Түнгi Астана сұлулығын қызықтап,
Оңға, солға шығып көрiп қарайды Ай.
Көк құрақтар Есiл суын көмкерiп,
Бойжеткен үй суға көзiн төңкерiп.
Көшелерден түрегелген фонтандар,
Қызғалдақтың күлкiсiне өртенiп.
Көрiктiден көркi артса неше есе,
Сөнiп қалған оттарымды көсесе.
Шiркiн, деймiн, мына жерге әкелiп,
Есiм ханның ескi жолын төсесе.
Есiлiмнiң көше сынды айдыны-ай!
Сол көшеге төгiлетiн ай нұры-ай!
Қасым ханның қасқа жолы бiр көше,
ол да жатса туралықтан айнымай.
Ұлы елiң сенiм артқан гүл-өңiр,
Сол жолменен сен де тура жүре бiл.
Дiлi менен тiлiн сақтапбабаның,
Тура жолмен келе жатсын ұлы өмiр!
(Оңайгүл Тұржан)
Астанада, ақпанда
Белім шықпай жатқанда бесікте мен,
Керуен соққан кездерден көшіпті өлең.
Астанада Ақпанда, Ақ боранда
Әппақ-әппақ түстерді кешіп келем.
Ақпан әні, Астана, көшең де кең,
Ақ бораны – әппақ нұр десем бе екен?
Ел қондырған Есілдің жағасына
Есіл де есіл, есіл жұрт есен бе екен?
Барысқа да ұмтылар бақанды алып,
Қазақ деген – нар халық, атан халық.
Ұтылмаса жарады, жұтылмаса –
жалмауыздың аузында жаһанданып.
Тиер жерге мың тиіп мына маңдай,
Сыңар арман сыңсиды сыналанбай.
Құйқылжытқым келіп тұр қыстың әнін,
Құстың әнін жырлаған Тұмағамдай.
Үмітіңнің үрлетіп үр шырайын,
Нұр сұрайын саған кеп, жыршы қайың.
Айтулы ағам Айтұлы секілденіп,
«Бәйтеректің» басына бір шығайын.
Айдындардай жағама кеме қашқан,
Ортаймайын... Көлімде көне-дастан.
Қара өлеңнің қазанын қайнатайын,
«Қараөткелде ақын жоқ менен асқан».
Қара өлеңнің қазаны қайнағасын,
Астананың әз жұртын айналасың.
Ақпан киіп кірер ем Ақордаға,
Онда мені күтеді, қай нағашым!...
Есіл жұртта тосайын арысымды,
Есілге әкеп қосайын ағысымды.
Ақ дүниеге сыйлайды – ақын бақыт,
Жақындатып кетейін алысыңды.
Қосын қонғым келеді... қосұдай жыр,
Тоңған шығар жолымды тосып ай-нұр.
Астанада, Ақпанда, Ақ боранда,
Өлеңдетіп қояйын осылай бір...
(Ғалым Жайлыбай)
Ей, Астана!
Сен деген туған елдің жүрегісің,
Өзінен бастау алар өрелі ісім.
Шаһарлар толып жатыр, бірақ та сен,
Бәрінен бірегейі, бөлегісің.
Астанам – асқарымдай көрінесің,
Өлең боп көкірегімнен өрілесің,
Бойыма рух беріп тұрғаннан соң,
Анық-ау ұтылмасым, жеңілмесім
Домалап қазағымның өрге тасы,
Думанмен дүрілдесін аспан асты.
Биіктеп Бәйтеректей, зәулімденіп,
Асқақтай бер, елімнің Астанасы!
(Нұрперзент Домбай)
Астана
Ән дарыған далада шыңға айналған Астанам,
Төбесінде жарқырап, күн байланған Астанам!
Жұлдыздары жамырап, ай кетпейтін Астанам,
Қыс та қиып кете алмай, жай көктейтін Астанам...
Ақтарылып ауасы, ағылатын Астанам,
Бармасам да, барсам да сағынатын Астанам.
Жадыратып жанымды мұң-қайғы алған, Астанам,
Ертегімсің сен менің шынға айналған Астанам!
Көкті сүйген көркімен таңдандырған Астанам,
Көңілінде көргеннің ән қалдырған Астанам.
Еркелеген Есілдің ағасындай Астанам,
Азаттықтың ақжолтай баласындай Астанам.
Көзін ашып, тұрғанша күн бесіктен, Астанам,
Бір жеңе алмай жарығын, түн кешіккен, Астанам...
Мен қайтер ем түс болып, өң болмасаң, Астанам?!
Мен қайтер ем жаһанда сен болмасаң, Астанам?..
(Гүлнәр Салықбай)
Тарихтан қаланған бүгінім - Елордам
Сан ғасыр бостан болар күнін күткен,
Алаш ел биік бүгін білімді ұлтпен.
Талай шаһар бабалар салғаны анық,
Тарих боп көне жұртта сырын бүккен.
Таусылмас шежіресі, сірә, қатпар,
Өткеннен сыр іздесең мұраны ақтар,
Сыр бойында қорған боп жатқан жоқ па -
Ескі астана - Жанкент шаһар, Сығанақтар.
Қазақ өсті болмысы арға тұнған,
Кешеден бүгінгіге жалғатып ән.
Іздеген жан тарихтың табар ізін
Орынбор, Қызылорда мен Алматыдан.
Өткенін танып ел де сүйінген-ді,
Үйренді ұлт сол арқылы иілмеуді.
Талайға тәлім берген заман көші
Арқада Астана боп түйінделді.
Тәуелсіз боп іргесі қаланғасын,
Белгілі елге ешкім сын таға алмасы.
Бұл қаланың өзгеден жөні бөлек,
Өйткені ол - Еркіндік Елордасы.
Жүзеге асып Елбасы бастамасы,
Мойындады ұлтымды дос та, қасы.
Сарыарқаның төрінде - сәнді шаһар,
Ол - Қазақтың Елінің Астанасы!
(Ғабиден Қожахмет)
Астана
Астанам! Ару қалам, асқақ ордам,
Қалың жұрт, қазағыма қақпа болған.
Ту ұстап, тұлпар мінген бабаларым,
Бермеген ел намысын жатқа қолдан.
Бозоғым, бозбеткейлім, баққа оранған,
Тарихтың қойнауынан тапқан олжам.
Баянды бақытымның бастауындай,
Айналдың Астанаға аппақ арман…
Жар болып Жаббар Ие жалғыз ғана,
Ғасырға аяқ бастық ал біз жаңа.
Сұрланып сырт айналған суық көздер
Қарайды әлі саған сәл қызғана.
Көш келді Қараөткелге өр тұлғалы,
Кеңесін ерлерімнің ел тыңдады.
Тұлғасы бой көтерді Хан Кененің,
Жарасып жарқ-жұрқ еткен ер-тұрманы.
Ертеңің ұлтын сүйген ұлыңа сын,
Қашан да еркіндіктің құны басым.
Керіліп кербез далам көсіледі,
Сезініп бостандықтың шұғыласын!
Сан ғасыр армандаған Алаш бабам,
Жалғанды жалт қаратты жаңа Астанам.
Бірлікті байрақ етіп болашаққа,
Барайын, уа, Жаратқан, жол аш маған!
(Қалқаман Сарин)
Астана
Елім бар қазақ деген айбыны асқақ,
Жерім бар Арқадайын құшақ ашпақ.
Арқаның төріндегі Астананың,
Мерейі үстем болсын болман мақтап.
Басы болған елімнің-Әз Астана,
Бағы болған елімнің-Жас Астана.
Жас қаласы елімнің һәм әлемнің,
Құты болған жерімнің-Бек Астана.
20-ға толды,мәшһүр болды бірақта,
Астана-сенсің жүректе жүрсем дағы жырақта.
Самғай бергін биікке,тоқтамағын,
Талмай қанат,жете беріп мұратқа.
Қонақ келді шетелден expо-ны қызықтап,
Көзін тікті бар әлем де шартарап.
Бір өзіңе қызықты қызғанды да,
Қимай қайтты еліне келген қонақ.
Бәйтеректің басына бақыт қонған,
Пирамидам аразды-тату,туыс қылған.
Арманым бар өзіңде тұру деген,
Өзіңде тұратын жандарда бар ма арман?!
Жаңалықтың жаршысы Елордамыз,
Құшағы ашық Арқадай кең ордамыз.
Жасай бер,жарқырай бер Нұр Астана,
Шаңыраққа бақ,керегеге толып ырыс.
(Ақтілек)
Ей Астана
Ей Астана! Бас қала.
Саған жетем, келер шекте күн болып.
Сенен өсемін, биіктерге өр болып.
Сенен өрем, нұрлананамын жаһанға
Құшақ жайғын жаңа қала Астана!
Ей Астана, баспана.
Саған тарттым болашаққа жол сала.
Сенде дейді қолда жету арманға,
Бақ бар дейді бағын күткен жандарға.
Бұйырта гөр бақытыңды Астана!
Ей Астана, жас қала.
Жасай бергің, жаңа жолды жастарға
Нұрлана бер шуақ шашып аспанға,
Шуағыңа шомылайық нəр алып,
Сəулесіне қыздырынып ақ таңда.
Ей Астана ақ қала!
Оңғартагөр оң жағынан ісімді
Бұйырта гөр бағалаймын бес күнді
Бағындырам бақытыма күшің ді.
Байлап алып қоржыныма қонымды,
Бал қылайын отбасымды, үйімді!
(Жанар Тоқтасынова)
Елорда
Киелі менің Елордам,
Арудай сұлу таранған.
Береке-бірлік, достықтың
Тұнығынан нәр алған.
Жайнай бер, жаңа Астанам,
Ертегідей ғажап бас қалам.
Ынтымақтың тербеп бесігін,
Тәуелсіз ел көшін бастаған.
Сәулеңді шаш еліңе,
Нұрыңды төк жеріңе.
Киелі менің Елордам,
Бақ болып қонған төріме.
Бәйтерек
Алатау ақ өткелім,
Махаббатым көктемім,
Қос қыраның тұрағы
Арманына жеткенің.
Қанаттары талмасын,
Дәулет болып айналсын.
Жұмыртқасын бақ құсым,
Бәйтерекке байласын.
Шахаман, Ақсу-Аюлы,
Қарағанды, Қайыңды,
Атажұртым – Түркістан,
Пір тұт, Яссауиыңды.
Қызыл орда, Ақ орда,
Өзге елде жоқ орда,
Көкке бойын тіреген,
Көңіл күйі тоқ орда.
Алматы – бал- анарым,
Ақжайығым, Аралым,
Қаратау, Хан тәңірі,
Астана – ақ жанарым.
Ел намысы – Нұр Аға,
Жер ырысы – қыр дала.
Су шынысы-зер мұнай,
Тау тынысы гүл-лала.
Сарыарқа, кең дала,
Сенсіз жетім мен бала,
Самұрықтай киелі,
Сен – Бәйтерек, Сен – Ана!
(Батырбай Сейбаддулаев)
Астана-арман қала
Көріктігі көз тартатын жас қала
Армандауды үйренді ғой жас бала.
Өнер -білім, мәдениеті киелі
Өзің болдың тамсандырған бас қала.
Тарихысың елімнің мың жасаған
Болашаққа үлгілісің Ақ орда
Бақытысың ұлыңның Ел аңсаған.
Жыр қыламын өзіңді талайларға.
Арманға да жол салған да Астана,
Білімменен сусындатқан Астана,
Рухты бол деп жырлаған да Астана
Жасай берші Рухы биік Астана!
(Нұргүл Ыбраева)
Астана
Астана – бас қала,
Әдемі жас қала.
Бірлігі жарасқан,
Ол біздің Астана.
Күлімдеп қарайды,
Шуақ боп тарайды.
Ортада бәйтерек,
Ғажап боп, жайнайды.
Елордамыз - Астана,
Мақта оны басқаға.
Арман қала, жас қала,
Көркейе берсің Астана!
(Ділназ Сәрсенбай)

"Директорға премиямыздың жартысын береміз, тауарын да сатып аламыз": Қазақстандық мұғалімдер мектеп басшылығының мәжбүрлеп ақша жинататынына шағымданды
