Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астана қаласы Спортты дамыту дирекциясының басшысы қамауға алынды

Қаржылық мониторинг агенттігінің елордалық департаменті Астана әкімдігінің "Спорттың олимпиадалық түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясы" КММ-нің лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен тергеу жүргізуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ҚМА мәліметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2020-2023 жылдары аралығында ақша жымқыру шетелде де, республика ішінде де оқу-жаттығулар мен жарыстарға бөлінген іс-сапар шығындарын асыра көрсету арқылы жасалған.

"Іс жүзінде жұмсалған ақшадан айырма түрінде алынған қаражатты КММ басшылығы алып отырған. Заңсыз әрекеттерден мемлекетке келтірілген шығын көлемі 70 миллион теңге болады.

Сонымен қатар, КММ басшысы оқу-жаттығу жиындарын қаржыландыру мәселесі бойынша оң шешім қабылдағаны үшін жаттықтырушыдан 4 миллион теңге көлемінде пара алғаны анықталды. ҚММ бастығына қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.

ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес соталды тергеп-тексерудің басқа деректері жария етілуге жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.

Талқылау