Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Астана, Алматы, Ақтауда тоқтатылған және кешіктірілетін рейстер бар": Көлік министрлігі әуежайлардағы жағдай туралы айтты

Көлік министрлігі Қазақстанның әуетасымалы штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: ҚР көлік министрлігі

Министрлік мәліметінше, 30-31 желтоқсанға қараған түні Астана әуежайынан ұшақтардың ұшуы мен қонуы қайта жанданған. Әуежайдағы ауа-райы тұрақталып, қазіргі уақытта әуежай штаттық режимде жұмыс істеуде.

“2023 жылғы 31 желтоқсанда Астана әуежайында 206 рейс (101 – ұшып келу , 105 - ұшу) орындау жоспарланған. Оның ішінде 39 рейс кешіктіріледі (25 – ұшып келетін, 14 - ұшатын) және 29 рейс тоқтатылды (13 – ұшып келетін, 16 - ұшатын).

Алматы қаласының әуежайы да штаттық режимде жұмыс істейді. Бүгін 31 желтоқсанда 181 рейске қызмет көрсету жоспарлануда (82 – ұшып келу, 99 - ұшу), 38 кешіктірілді (28 – ұшып келу, 10 - ұшу), 3 рейс тоқтатылды.

Ақтау қаласының әуежайында көру мүмкіндігі 350 м. 31.12.2023 ж. жоспар бойынша рейстердің жалпы саны 45 (26 – ұшып келу, 19- ұшу), 22 рейс кешіктіріледі (13 – ұшып келу, 9 - ұшу), 4 рейс тоқтатылды”, – делінген министрлік хабарламасында. 

Сонымен қатар, министрлік Астана әуежайында рейстері кешіктірілген жолаушылар үшін қалыптасқан жағдайға байланысты қабылданған шаралар туралы айтты. 

“Авиакомпаниялар 115 жолаушыны қонақ үйге орналастырды (Air Astana-43, Fly Arystan-19, SCAT – 30, Qazaq Air-23). Рейстері кешіктірілген жолаушылар үшін қолайлы жағдай қамтамасыз ету мақсатында Астана қаласының әуежайында  барлық ұшатын жолаушылар үшін 3590 порция тамақ берілді. Air Astana әуекомпаниясы өз жолаушыларына әуежайда және әуе кемесінің бортында 3455 порция ыстық және жеңіл тамақ берді”, – делінген хабарламада.  

Еске салсақ, бұған дейін жаңа жыл қарсаңында Астана халықаралық әуежайында 2500-ден астам жолаушы қалып қалғаны туралы жазған болатынбыз. Кейіннен көлік министрлігі Астанадан ұшып кете алмаған жолаушыларға билет құнының 100 пайызы қайтарылатынын мәлімдеді

Талқылау