Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Астана алаңдарында әскери шерудің тікелей трансляциясын мыңнан астам адам тамашалады

Фото: Stan.kz

Бүгін басқалада Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 80 жылдығына орай әскери парад өтті. Дегенмен, салтанатты шараға қатысу мүмкіндігі бәріне бірдей бұйырмайтыны белгілі. Осыған орай Астана қаласы әкімдігі қала халқы мен қонақтарына арнап елорданың бірнеше нүктесінде үлкен LED экраннан тікелей көрсетілім ұйымдастырды. Тікелей трансляцияны мыңнан астам адам тамашалады.

Астаналықтар таң атысымен әкімдік алдын ала хабарланған орындарға жиналды. Іс-шара сағат 11:00-ге жоспарланған. Әскери шеруді көруге келген көпшіліктің қарасы қалың. Солардың бірі – Милан Сауғабаев. Байқасаңыз, ақсақалдың есімі де ерекше. Атының қойылу тарихы терең де жатыр екен. Айтуынша, әкесі екінші дүниежүзлік соғыс кезінде Италияның Милан қаласында тұтқынға түсіп, абырой болғанда босап шыққан. Сонда өткізген қиын-қыстау кезеңдердің құрметіне ұлының есімін Милан қойған. 

"Біз отбасымызбен осы әскери парадты көп күттік. Себебі отан қорғаушылар күнінің мән-мағынасы жоғары. Елдегі ең басты, айтулы күндердің бірі деп білемін. Менің әкем де екінші дүниежүзлік соғыс кезінде отан үшін от кешкендердің бірі. Өзім де 1978-1980 жылдары Мәскеуде әскери борышымды өтедім. Сондықтан осындай шарапатты шараларды өткізу аса маңызды. Бұл арқылы бүгінгі жас буынның патриоттық сезімін оятып, әскери өмірге деген көзқарасын одан әрі жақсарта аламыз", – дейді қала тұрғыны Милан Сауғабаев. 

Тікелей трансляция ұйымдастырылған барлық алаңда сақтық шаралар сақталып, қауіпсіздік күшейтілген. Алаңның бір бұрышынан балдырғандарға арналған тәттілер мен тағамдар қойылып, көпшілікке кішігірім жәрмеңкелер де ұйымдастырылды.

 

Әскери парад біткен соң концерттік бағдарлама басталды. Ақындар жыр-шумақтардан арнап, эстрада жұлдыздары әуезді әндерін айтты. Өнер көрсеткен өнерпаздар саны аз емес. Мысалы бір ғана "Астана Арена" стадионы алдындағы сахнада 20-дан астам әнші болды. 

"Алаңдағы атмосфера керемет. Мерекелік көңіл күй сезіледі. Әскери парадты үйде отырып көргеннен гөрі, осында ел-жұртпен бірге тамашалайық деп шештік. Келгенімізге еш өкінбедік. Көппен бірге көрген әсер тым бөлек болды. Ұйымдастырушылардың тұрғындар мен қала қонақтарына жасаған тартуы мұнымен бітпепті. Тек көгілдір экраннан көріп жүрген өнерпаздарды бүгін көзбе-көз көріп, әдемі әсер алып қайттық", – дейді қала тұрғыны Фарида Қасенова.

Бүгінгі патриоттық әрі тамаша танымдық шараның куәсі болып отырмыз. Әсіресе әлемде геосаяси жағдайлар күрделі болып тұрған уақытта жастарымызды отансүйгіштікке тәрбилеуіміз тиіс. Мәселен қазір тікелей эфирден тамашалап отырып қанша адамның қарулы күштерге деген құрметі, сенімі артты", – дейді қала тұрғыны Жеңіс Бөдешов. 

Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 80 жылдығы Астанада тек бүгін ғана атап өтіліп жатқан жоқ. Қала әкімдігі биыл бас-аяғы 100-ден астам іс-шара ұйымдастырған. Жеңіс ленталарын тарату, мәдени және спорттық шаралар жалғасуда. 

"Қала халқы мен қонақтары Қазақ елі алаңындағы әскери парадты тамашалау үшін елорданың үш нүктесінде тікелей эфир ұйымдастырдық. Ол "Астана Арена" стадионының аумағы, "Astana Music Hall" автотұрақ аумағы және Елорда әкімдігі ғимаратының жанындағы қалалық алаң. Іс-шара әскери парад пен концерттік бағдарламаны қосқанда барлығы 5 сағатқа жоспарланған", –  дейді Астана қаласы әкімдігі Ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары Мирас Әбдірахманов.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 07 Мамыр, 2025 17:10
Талқылау