Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астана әкімі қаладағы қылмыс деңгейі туралы айтқан депутаттың сөзін кесіп тастады

Фото: instagram.com/akimat__astana

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қаладағы қылмыс деңгейі туралы айтқан депутаттың сөзін кесіп тастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

12 желтоқсанда Астана мәслихатының отырысында депутат Талғат Ерғалиев Сарыарқа ауданының бюджетін шамамен 60–70 миллион теңгеге арттыруды ұсынды. Деупатат ауданның әлемдегі қылмыс деңгейі бойынша екінші орында тұрғанын мәлімдеді. Депутат Нәрікбаев атындағы университет пен MAIN талдау орталығының деректеріне сілетеме жасап, Астанадағы барлық қылмыстың жартысынан көбі қаланың небәрі 3% аумағында – теміржол вокзалы маңында, оған жақын орналасқан жеке секторда және өнеркәсіп аймағында жасалатынын айтты.

Өз баяндамасында Талғат Ерғалиев қылмыс деңгейін әлем елдерімен салыстырып, Сарыарқа ауданының әлемдік көрсеткіш бойынша екінші, ал Астана бойынша бірінші орында тұрғанын айтты. Ол 2024 жылғы Құқықтық статистика комитетінің ресми деректеріне сүйене отырып, Астанада 17 339 қылмыс тіркелгенін, соның шамамен 4,8 мыңы Сарыарқа ауданына тиесілі екенін мәлімдеді.


"Аллаға және президентке рахмет": Журналист Шымкент әкімінің мақтауын асырды

"Сарбаздар өліп жатыр ма, не айтып тұрсыз?": Қорғаныс министрінің сөзі депутаттың ашуын туғызды


“Сарыарқа ауданында қаладағы барлық қылмыстың 50%-ны жуығы тіркеледі. Әр 10 күн сайын – бір кісі өлтіру, әр 15 күн сайын – бір зорлау. Күн сайын – ұрлық, есірткі қылмыстары, бұзақылық”, – деді депутат.

Алайда Ерғалиев баяндамасын аяқтамай жатып, отырысқа қатысқан Астана әкімі Жеңіс Қасымбек депутаттың сөзін бөліп жіберді.

“Мұндай мәлімдемелерді жасарда өте мұқият болу керек. Қазір біз тікелей эфирдеміз және сіз келтірген деректерді дәлелдеу қажет. Жағдайды Венесуэламен салыстыру – дұрыс емес. Құрметті депутаттар, әрбір сөз үшін жауапкершілік бар. Мұндай мәлімдемелер өте қауіпті, мен бұған келіспеймін. Қаласаңыздар, бұл мәселені жеке түрде талқылай аламыз”, – деді Жеңіс Қасымбек. 

Ескертуден кейін депутат өз сөзінің ашық дереккөздерге негізделгенін айтса да, әкім өз сөзін жалғастырды.

“Түсінемін, бірақ мұның бәрін дәлелдеу қажет. Интернетті ашып қарасаңыз да болады, деректерді қайдан алғаныңызды білмеймін. Менің ойымша, бұл дұрыс емес, маған ренжімеңіз. Каракаспен немесе басқа біреумен салыстыру орынсыз. Біз мұнда жауапты адамдармыз, әсіресе БАҚ өкілдері қатысып отырған және тікелей эфирде тұрғанда. Ескерту жасау менің міндетім емес, бірақ қала басшысы ретінде сіздерден мұны ескеруді сұраймын: бізді адамдар тыңдап отыр, қоғамдық пікірді дүрліктіріп жіберуіміз мүмкін. Әр сөзіміз үшін жауапқа тартылуымыз ықтимал”, – деді әкім.
Дана Русланқызы
Жұма, 12 Желтоқсан, 2025 19:30