Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Асхат Садырбай: "Намаз оқуыма ораза себеп болды"

Тележүргізуші Асхат Садырбай ораза, намаз секілді парыздарды орындауға не себеп болғанын айтты.

Sadyrbay-Askhat_080217

– Асхат, келіп қалған Рамазан айы құтты болсын! Ең алғаш ұстаған оразаңыз есіңізде ме?

– Оразаны алғаш ұстағанда қаншада болғаным есімде жоқ. Бірақ Рамазан кезіндегі бала күнгі әдемі сәттер әлі де көз алдымда. Үйдің үлкендері, ата-анам ораза ұстайтын, біз де соны қызық көріп олармен бірге ертемен тұрып сәресі ішетінбіз. Жалпы ораза туралы ең алғаш ата-анамыздан білдік. Ораза тұтатын жасқа жетпесек те үйдегілерден көргенімізді істейтінбіз. Сондағысы бізді қайбір тамақ жеп қарық қылады дейсіз, аңдығанымыз қант қосылған талқан мен тары, майсөк. Сүтке бұқтырылып қант пен май қосылған тарыны біз жақта (Оңтүстік) майсөк дейді.

Одан кейін жоғары сыныптарда оқып жүргенде ұстадық-ау деймін. Ауылдағы сыныптастармен жарысып ұстайтынбыз. Ол кезде ораза қыс мезгіліне келетін. Ауыз ашып алғаннан кейін үлкендер жағы тарауих намазын оқып жатса, біздер, балалар жағы ауылдағы көршілердің үйіне міндетті түрде жарапазан айтып баратынбыз. Қазір балалар жарапазан айтпайды, айтса да көшеде көрген жанның жанына барып бастап кетеді. Ал, біз ауылда жарығы жанып тұрған әр үйдің терезесіне барып айтатынбыз. Кейбір үй 3 теңге, кейбір үй 2 теңге, енді біреулер нан, бауырсақ, кәмпит алып шығатын. Соған мәз-мейрам боп үйге қайтатынбыз. Тура бір кітаптағы өмір еді, сол кездер. Қазір біреудің үйінің терезесіне бармақ түгілі, маңына да жолай алмайсың. Заман да, адам да өзгеріп кетті. Сол кездерді қатты сағынамын.

– Ал ораза сіздің өміріңізді қалай өзгертті?

– Жалпы Рамазан – исі мұсылман қауым үшін қасиетті ай. Бұл айда өзін мұсалман санайтын дені сау әрбір жан ораза ұстауы керек. Ең алдымен өзі үшін. Өйткені, бұл – да құлшылық, Алланы еске алу, шүкіршілік ету, жаман әдеттерден, артық тамақтан тиылу. Күнә-қателіктер үшін кешірім сұрап тәубеге келу, адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу. Ораза менің иманыма ерекше әсер етті. Өйткені кез-келген саналы адам Ислам әлемімен дұрыс танысып, оң ортада тәрбиеленуі керек. Аллаға шүкіршілік пен құлышылықты осы Оразадан бастап кетсе қандай керемет?! Менің намаз оқуыма да ораза себеп болды деп ойлаймын. Оқушы кезімізде ораза ұстасақ, есейген шағымызда намазға жығылдық.

Ораза ұстағанда денсаулықты жақсартамын деп емес, Алланың разылығына бөленемін деп ниеттенеміз ғой. Одан кейінгі құлшылығымызда, дұғамызда бәрін сұраймыз, екі дүниедегі бақыттан да үміт етеміз. “Мен бүгін дұға жасадым, неге ол ертең орындалмады?” деу қателік. Алла – бәрін білуші, ненің қашан қайырлы екенін білуші. Біздікі құлшылық, парыздарымызды өтеу ғана. Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!

islam.kz

Димаш Құдайбергенов саяси білімінің төмен екенін айтты

Бағлан Жасұлан Базарбаев жайлы: Денесі- үлкен, санасы-баланікі

Қайрат Нұртас әндерін түрік және ағылшын тілдеріне аудармақ

Абақтыдағы Есентаевты 50 жасымен құттықтаған қарындасы жұрттың жүрегін елжіретті

Талқылау