Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"90%-ы несиеге белшесінен батып отыр": Қазақстандық әскерилер не үшін жаппай жұмыстан шығып жатқандарын түсіндірді

Соңғы уақытта қазақстандық әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы ел арасында жиі талқыланып жүр. Жақында қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов әскери қызметкерлердің жаппай жұмыстан шығып жатқанын айтқан еді. Оған не себеп? Stan.kz тілшісі әскери қызметкерлердің мұң-мұқтажын тыңдап көрді. 

 Фото: gov.kz

Аты-жөнін жария етпеуді сұраған қазақстандықтар әскери қызметтегі өзекті мәселерді көтеріп, наразылығын жеткізді. Айтуынша, оларды тынымсыз жұмыстарының дұрыс бағаланбауы мазалайды.

“Мен келісім-шарт бойынша жұмыс істейтін әскери қызметкермін. Қазір әскери қызметтен кеткім келеді. Себебі, жағдай жасалмаған, жалақысы аз, отбасымды асырауға ақша жетпейді. Негізі жұмыс уақыты таңғы 07:00-ден кешкі 19:00-20:00-ге дейін. Бірақ кейде түнгі 23:00-00:00-ге дейін жұмыста қалып қоятын кездер болады. Қатты қалжырап жүргенім сонша отбасыма көңіл бөлетін уақытым жоқ. Қажетті киім-кешекпен қамтамасыз етпейді. Өзіміз жалдамалы пәтерде тұрамыз. Жалақыдан жалақыға жеткізіп отырмыз. Сол себепті әскерилердің 90%-ы несиеге белшесінен батып отыр. Әскери бағдарламамен үй алайық десек, бағдарламаны қиындатып жіберген. Ол бағдарламамен тек бастапқы (первичный) үй ғана алуға болады. Ал оның жөндеу жұмыстарына кететін қаржыны ескермеген. Бұл программмен тек қызмет басында отырғандар ғана үй ала алады. Өздерінің ыңғайына қарай жасап алған деп ойлаймын. Тіпті бағдарламаға қатысудың өзі қиын. Бағдарлама ашылған соң 5-7 минуттан кейін жабылып қалады. Өйткені қатысатын адамдар көп. Бірақ барлық жұмысты жасайтын келісім-шартпен жұмыс жасайтын әскери қызметкерлер. Қажетті киімді өзіміз сатып аламыз. Уақытылы демалмасақ, айлығы аз болса, киіммен қамтамасыз етпесе, кім жұмыс жасағысы келеді”, – дейді кейіпкер.



Енді бірі айлықтың аздығынан әскери қызметпен қош айтысқан. 

“Мен барлау бөлімінің арнайы күштерінде, сондай-ақ келісім-шарт бойынша 3 жыл әскери қызметте болдым. Киіммен қамтамасыз етті, ол жағынан ешқандай мәселе болмады. Бірақ уақыт өте айлықты да, үстемақыны да қысқартып тастады. Көбіне азаматтар жалақының аздығынан әскери қызметтен кетеді. Мен қазір жаттықтырушы болып жұмыс жасаймын. Бүгін президент мерзімді әскери қызметке шақыру туралы жарлыққа қол қойды. Айлығы жақсы болса баратын едім. Негізі біздің әскерилерді қажетті қару-жарақпен қамтамасыз ету керек, шетелге жіберіп, тәжірибе алмасу үшін  оқыту керек”, – дейді бұрынғы әскери қызметкер. 

“Жанымдағы жолдастарым жұмыстан шығып кетті. Негізі әскери қызметте жүргеніме 13 жыл болды. Көбіне айлықтың аздығына налимыз. Киімді қашанға дейін беретінін білмеймін, бірақ көбіне өзіміз сатып аламыз. Мемлекеттен берілетін киімдердің сапасы өте төмен”, – деп наразылық білдірді қазақстандық. 

Әскери қызметте жүріп Отандық борышын да, тұрмыстағы тіршілігін де қатар алып жүрген қазақстандық келіншек те жанайқайын жеткізді.

“Мына заманда 200 мың теңге айлықпен күн көру мүмкін емес. Жұмыс тәжірибеміз 14 жыл болса да, айлықтан-айлыққа, қарыздан-қарызға әрең жетіп, күн көріп отырмыз. Әр әскери қызметкердің өмірі осылай өтіп жатыр. Шұғыл шақырту деп таңғы сағат 04:00, 05:00-де жұмысқа шақыртады. Салмағы 2 келі етік кигізіп, 3 шақырым жүгіртеді. Тамақты мүлдем айтпай-ақ қояйын. “Айлыққа 20-30% қосамыз” деп жарияға жар салады. Бірақ ол айлық емес, шенге қосылатын 5000-6000 теңге. Ел басына күн туғанда әскерилер мен полиция қызметкерлерін бірінші іздейді. Бірақ осыдан кейін кімнің жұмысқа шыққысы келеді? Жұмыс қаланың сыртында, шамамен 25 шақырым жерде орналасқан. Әскерилерге берілген автобус бар. Бірақ әр қызметкерді күтіп, аялдамасына тоқтаймыз дегенше 2 сағат өтеді. Сондықтан көбі жол жөнекей такси ұстап үйіне зорға қайтады”, – дейді кейіпкер.

Оның айтуынша, үкімет зейнетақы қорындағы жарты миллион теңгені де еркінен тыс қағаз жаздырып алып алған. Алайда отбасы үшін қандай қиындық болмасын төтеп беріп келе жатқанын айтады.

“Осыдан 7-8 жыл бұрын зейнетақы қорымызда 1 миллион теңге бар еді. EXPO-ның кезінде үкімет қағаз жаздырып 500 мың теңге алып алды. Сол кезде қалған 500 мың теңге әлі сол күйі тұр. Қанша жыл өтсе де көбеймеді. Әскерилер отбасын толық қамтамасыз ете алатындай жалақысын көтеру керек. 209 мың теңге жалақы жетпейді. Оның үстінде екі балам мен жолдасым үшін қосылатын үстемақы бар. 4 баламның екеуі кәмелет жасқа толып кеткен. Үкіметтен берілетін киім сапасыз болғандықтан кейде өзіміз сатып аламыз. Зейнетке шығуыма екі жыл қалды. Баспанаға несие алып жүріп әрең қолымыз жетті. Ай сайын төлем тіке банкке түсіп отырады. Бірақ жұмыстан шығарып жіберсе, несие төленбей, үйде тартып алады. Сол себепті барлық қиындыққа көніп, аман-есен зейнетке шығуымды тілеп отырмын. Жалақы аз, жұмыс қиын, басшылық нашар болса да бала-шаға үшін бәріне көнесің. Ай сайынғы үстемақыны жақсы төлесе болашақта зейнетақымыз да жоғары болады”, – дейді келіншек. 

Қорғаныс министрлігі қандай шаралар қабылдамақ?

Бұған дейін қорғаныс министрлігі әскерилерді қызметтерінде қалуға ынталандыру үшін медициналық әскери мамандыққа сәйкес лауазымдардағы запастағы офицерлерге 100 АЕК мөлшерінде қосымша үстемеақы төлеуді заңнамалық тұрғыдан бекіту ұсынды. Ол үшін бюджеттен төленетін бұл төлемдерге жыл сайын 17 миллион теңге бөліну керек.

Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен қатардағы сарбаздарға, курсанттарға және кадеттіктерге стоматологиялық көмек көрсетуді ұсынып отыр. Ұсынылып отырған тағы бір шара – әскери зейнеткерлер мен әскери қызметкерлердің отбасы мүшелеріне әлеуметтік кепілдік беру. Атап айтқанда, 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданыста болған әлеуметтік кепілдікті зейнеткерлер мен әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне арналған уәкілетті органның қаражаты есебінен әскери-медициналық бөлімшелерде медициналық көмек алуды қайтаруды ұсынылды. Ол санатқа: 

  • Жиырма және одан да көп жыл еңбек өтілі бар, әскери қызметте болудың шекті жасына жеткенде денсаулығына, штаттың қысқаруына байланысты әскери қызметтен босатылған адамдар;
  • Еңбек өтіліне қарамастан, әскери қызмет міндеттерін атқару кезінде алған жарақат (ауру), салдарынан денсаулығына байланысты әскери қызметтен босатылған адамдар;
  • Келісім-шарт бойынша жұмыс істейтін әскери қызметшілердің отбасы мүшелері (жұбайы) кіреді. 

Министрдің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов дәрі-дәрмек пен медициналық заттарды сатып алуға қажетті қаржыны көбейту керегін айтты. Қазір бұл қажеттіліктерге республикалық бюджеттен жыл сайын 1,2 миллиард теңге бөлінетін көрінеді. Бұл қаражатпен әскери бөлімдер мен мекемелердің 40%-ын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге болады. Сұлтан Камалетдиновтың айтуынша, әскери қызметкерлердің, сондай-ақ сарбаздардың ата-аналарының наразылығын тудырып, жалпы армияның имиджіне теріс әсер етеді.

Вице-министр Қаржы министрлігінен осы қажеттіліктерге бөлінетін қаражаттың лимитін қайта қарауды сұрады.

Сонымен қатар әскери қызметкерлер айлықтың жетіспеушілігінен мемлекеттік жұмыстан бос кезде такси жүргізушісі болып нәпақа тауып жүрген деген ақпарат тараған болатын. Сұлтан Камалетдинов әскерилердің жалақысын министрлік белгілеп, бөлетінін айтқан еді. 

Айта кетейік, бұған дейін елімізде 17 мың әскери жалақының аздығынан қызметтен кеткенін жазған едік.

Талқылау